Елімізде түсірілген фильмдерге ұлттық мәртебе беру тәртіптері өзгереді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Фильмді ұлттық деп тану және ұлттық фильм куәлігін беру ережелерін бекіту туралы» Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына өзгеріс енгізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұсынылып отырған құжат «кинематографиялық қызмет субъектілері», «өтініш беруші» терминдерімен толыққан.

«Егер фильмде ҚР Ұлттық тарихындағы, қазіргі өміріндегі оқиғалар бейнелейтін болса, жалпыадамзаттық гуманитарлық, әлеуметтік және адамгершілік проблемаларға, еліміз үшін әлеуметтік-мәдени маңызы бар әлемдік тарихтағы оқиғаларға арналған немесе ҚР халықаралық деңгейдегі имиджі мен беделін нығайтуға ықпал етсе ол кино ұлттық болып танылады», - делінген құжатта.

Айта кетейік, қолданыстағы тиісті бұйрықта мұндай норма жоқ. Сонымен бірге, еліміз ратификациялаған халықаралық шарт талаптарына сәйкес, шетелдік кинокомпаниялармен бірлесіп түсірілген фильмдерге де ұлттық мәртебе берілуі мүмкін.

Бұйрық «Ашық» НҚА порталында жарияланды. Оны талқылау 9 желтоқсанға дейін жалғасады.


Фото: phonoteka.org


Соңғы жаңалықтар