Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтар бойынша қандай проблемалар бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында әр қалада мен ірі аудан орталығында қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі инфрақұрылым болуы керектігі айтылды. Осы орайда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылғы мамырда Қарағанды облысының халқымен болған кездесулерде елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыруға және кәдеге жаратуға байланысты қалыптасқан жағдай туралы мәселе көтерілді. Алынған ақпаратқа жүргізілген талдау тұрмыстық қалдықтарды басқару проблемасы Қазақстанда өте өзекті екенін және Үкіметтің жедел түрде араласуын талап ететінін көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда 3520 үйінді мен ТҚҚ полигоны пайдаланылады. Олардың көбі экологиялық және санитарлық талаптар мен нормаларға сәйкес келмейді. Оның үстіне, жұмыс істеп тұрған полигондардың басым бөлігі толып кеткен», - деді депутат Арман Қожахметов.

Оның сөзіне қарағанда, жиналған тұрмыстық қатты қалдықтардың жиынтық көлемі 100 миллион тоннадан асып түсті. Жыл сайын осы ТҚҚ көлемі 5-6 миллионға өсіп отырады. 2025 жылға қарай қалдықтарды қоймалаудың жылдық мөлшері 8 миллион тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Бұл ретте қоқыс полигондарға алдын ала зарарсыздандырусыз шығарылады.


«Энергетика министрлігінің деректері бойынша, қазіргі таңда елімізде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін 130 кәсіпорын бар. Олар 20-ға жуық өнім түрін шығарады. Сұрыптау кешендері 18 елді мекенде орналасқан. Алайда, аталған кәсіпорындардың тізімін қарайтын болсақ, осы кәсіпорындардың бәрі дерлік облыс орталықтары мен ірі қалаларда орналасқанын көруге болады. Әдетте, бұл дара кәсіпкерлер немесе қуаты кішігірім шағын кәсіпорындар, олар ағымдағы жинақталған көлемдерді де игере алмайды. Өзге қалалар мен ауылдық аумақтар қоқысты қайта өңдеу жөніндегі сервиспен қамтылмаған», - деді А. Қожахметов.

Депутаттың атап өтуінше, үлкен аумаққа ие бола отырып, Қазақстанның әр қалада және ірі аудан орталығында қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі инфрақұрылымы болуы тиіс.



Осы орайда ол жұмыс істеп тұрған ТҚҚ және өнеркәсіптік қалдықтар полигондарын түгендеуге, олардың заңнаманың санитарлық, экологиялық нормаларына сәйкесті гін тексеруді ұсынды.

Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған полигондарды санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі қажетті жұмыстарды, сондай-ақ қалдықтарды сұрыптауға, қайта өңдеу мен көмуге арналған қажетті жабдықтарды сатып алуды қаржыландыру көздерін айқындауға бағытталған шараларды өткізу керек.

Бұл тұрғыда А Қожахметов тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату саласына жеке инвестициялардың тартылуын ынталандыруды арттыру қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар