Елімізде тұрғын үйді жалға алу құны қымбаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрғын үйді жалға алудың ең жоғары бағалары Нұр-Сұлтан қаласында тіркелсе, ең төмен бағалар Семейде екені белгілі болды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Finprom-ға сілтеме жасап хабарлайды.

2020 жылдың шілде айында жайлы жабдықталған үйді жалға алудың орташа бағасы бір шаршы метр үшін 1,6 мың теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға көп. Маусым айымен салыстырғанда, тұруға жайлы баспананы жалға алу құны 0,4 пайызға өсті.

Жөнделмеген тұрғын үйлерді жалға алудың орташа бағасы бір шаршы метр үшін 832 теңгені құраған – бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайыз қымбат. Ағымдағы жылдың маусым айымен салыстырғанда, жалға алу бағасы өзгеріссіз қалды.

Еліміздің ірі қалалары мен мегаполистері арасында жайлы жабдықталған тұрғын үйді жалға алудың ең жоғары бағалары елордада тіркелген – бір шаршы метр үшін 3,1 мың теңге, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10,3 пайызға көп. Бағалары жоғары ірі қалалар «үштігіне» сондай-ақ Алматы және Ақтау қалалары кірді.

Сонымен қатар, жайлы жабдықталған тұрғын үйді жалға алу бағаларының айтарлықтай қымбаттауы Павлодарда (жылына бірден 37,9 пайызға, 1,7 мың теңгеге дейін), Талдықорғанда (36,9 пайызға, 1,7 мың теңгеге дейін) және Таразда (15,4 пайызға, 1,2 мың теңгеге дейін) байқалып отыр.

Ал ең төмен бағалар Семей қаласында белгіленді. Мұнда жайлы жабдықталған үйді жалға алу бағасы бір шаршы метр үшін 1,2 мың теңгені құрап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға көп.

Жөнделмеген тұрғын үйлерді жалға алудың ең жоғары бағалары елордада байқалып отыр – бір шаршы метр үшін 1,6 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға көп.

Мұндай үйлерді жалға алудың ең төмен бағасы Семей қаласында тіркелді – бір шаршы метр үшін 594 теңге, былтырғы жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға қымбат.


Соңғы жаңалықтар