Елімізде туабітті кемтар болып дүниеге келген сәбилер саны күрт артты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстанда 8 айдың қорытындысы бойынша кемтар болып дүниеге келетін нәрестелердің саны артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 8 айда 3015 бала туабіткен даму кемістігімен өмірге келді. Өткен жылмен салыстырғанда өсу үрдісі байқалады. 2021 жылдың 8 айы бойынша бұл көрсеткіш 2594 құрайды. Бізде құрсақтағы нәресте кемістігін ерте анықтау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, биыл пренаталды скринингтің жаңа қағидалары бекітіліп, пренаталдық ультрадыбыстық зерттеу скринингін өткізу стандарты әзірленді. Сонымен қатар аталған сала бойынша 150 маман халықаралық стандартқа сай біліктілігін арттырды», - деген жауап берді Денсаулық сақтау министрлігі ҚазАқпарат жолдаған ресми сауалға.

Одан бөлек, аталған ведомство ұрпақ саулығы мәселесінде ата-аналардың жауапкершілігі барын еске салды.

«Әр азамат денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулыққа зиян келтіретін әрекеттерден аулақ болған жөн. Аурудың алдын алуда дұрыс тамақтану да маңызды. Сол сияқты отбасын құру мен өмірге ұрпақ әкелу процесіне ерлі-зайыптылар ерекше мән беруі тиіс. Өмірге сау ұрпақты әкелу жауапкершілікті талап етеді», - дейді министрліктен.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі сәби өлімінің көбейгенін растаған еді.

Атап айтқанда, биыл 9 айда өлім-жітім 8,18%-ды құраған. Өткен жылы аталған көрсеткіш 7,92% болған.


Соңғы жаңалықтар