Елімізде тест жасайтын 10 зертхана ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сәуір айында елімізде 600 тест сынамасы болады. Бұл туралы елдегі коронавирус инфекциясы бойынша қазіргі жайлы онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта дүние жүзі бойынша генетикалық ПЦР деген бір тест қана диагноз қоюға бекітілген. Экспресс тест пайда болғанымен, науқастың дертін растап, емдеуге жарамайды. Елімізде ПЦР тест жасайтын 19 зертхана бар. Олардың күніне 6 000 тест жасауға мүмкіндігі бар. Қаңтардан бастап 25 мың тест өткізілді. Өткен тәулік бойынша бір жарым мың тест жасап жатырмыз. Сонымен ел бойынша 6 мың тест жасауға мүмкіндігіміз бар. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жүктеме көп екенін ескеріп, елордада тест жасайтын 3 зертхана аштық. Тағы 2 зертхана осы аптада ашылады. Алматыда тағы 3 зертхана ашылады. Басқа өңірлерді қосқанда жалпы 10 зертхана ашылмақ. Осылайша сәуір айының басында 12 мың тест жасауға мүмкіндік болады» , - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Ол қазіргі уақытта 300 мың тест бар екенін айтты.

«Бүгін мемлекеттік комиссия қосымша тағы 300 мың тест сатып алу жөнінде шешім қабылдады. Сонда елімізде 600 мың тест болады. Эпидемияны бақылау үшін бір науқасқа 200 тест жасау мүмкіндігі болады. Бұл – Кореяның деңгейі. Отандық кәсіпкерлердің демеушілігімен эскпрес тест қолдану мүмкіндігін де береміз. Алгоритм бекітілген. Мемлекет тарапынан 380 мың тегін тест өткізіледі. Ол созылмалы ауруы бар, қарт адамдар немесе карантинде жатқан азаматтар, шетелден келіп жатқан азаматтар сияқты тәуекелі жоғары азаматтарды скринингтен өткізуге қолданылады. Бұл тесті тек мемлекеттік емес, жеке меншік зертханаларға өткізуге де рұқсат бердік. Бұл тек бекітілген стандарт бойынша жасалуы керек. Арнайы азаматтар тегін алады және ақылы деңгейде алуға да мүмкіндік беріледі», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар