Елімізде сот өндірісі автоматтандырылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда сот өндірісін үнемді жасау қолға алынады. Бұл туралы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот төрелігінің цифрландырылу деңгейі тек еліміздің ішінде ғана емес, сонымен бірге шет елде де жоғары бағаланады. Қазақстан Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі еуропалық комисссияның байқаушысы мәртебесін алғаннан кейін Еуропалық одаққа мүше елдердің сот жүйелеріне шолуға қатысады. Қазақстан аталған комиссияның 2020 және 2022 жылдардың ішінде соттардың ІТ-технологияларды қолдануы бойынша 47 елдің арасында 4-орында тұр. Біз мұнан ары да судьялардың жұмысын жеңілдетуге, сот қызметтерін алуды ыңғайлы жасауға ниеттіміз», - деді ол «Жасанды интеллект және сот пен құқық қорғау жүйесіндегі үлкен деректер: шындық және уақыт талабы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.

Оның атап өтуінше, осы мақсатта электронды сот төрелігі белсенді дамытылып жатыр. Сот жүйесін цифрландыру стратегиясы бекітілген. Онда басты үш міндет бар.

Бірінші – ІТ-сервис арқылы сот төрелігіне кедергісіз әрі ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Екінші – сот өндірісін автоматтандырып, оны үнемді жасау.

Үшінші – алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені пайдаланып, үлкен деректермен жұмыс істей бастау.

«Сингапурда, БАӘ-де көп дүние көріп, идеяларымызды толықтырдық, кейбірін өзімізге бейімдедік. Қазіргі уақытта Қытайдың электронды соттар құру саласындағы тәжірибесіне, Финляндияның қылмыстық істерді басқару жүйесіне, Оңтүстік Кореяның жұмыс процестерін автоматтандыруына, Латвияның сөзді тану және оны мәтінге айанлдыру қызметіне қызығушылықпен қарап отырмыз», - деді Жоғарғы сот төрағасы.


Соңғы жаңалықтар