Елімізде синтетикалық есірткімен күрестің жаңа тәсілі енгізілді

None
None

 

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екі оқылымда қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы заң жобасы арқылы Үкіметке үш құжатты бекіту бойынша өкілеттік беру қарастырылған. Осы орайда, біріншісінде елімізде бақылауға алынған есірткі, психотроптық заттар және прекурсорлар тізімі, екіншісінде заңсыз айналымнан алынғандарды шағын, ірі, аса ірі мөлшерлерге жатқызу туралы жиынтық кестесі, ал үшіншісінде сутегі атомдарын алмастырушылар тізімі қамтылған.  Сонымен қатар, бұл құжат аясында жаңа есірткі заттарын мемлекеттік бақылауға қосудың негіздемелері мен тәртібі анықталады. Үкіметке осындай өкілеттіктерді беру Қылмыстық кодекске енгізілетін толықтыруларда қарастырылған», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, бұл түзетулер нарықта тез пайда болатын синтетикалық есірткінің жаңа түрлеріне Үкімет қаулысымен бірден тыйым салуға мүмкіндік береді.

«Елімізде жаңа есірткінің таралу жолдарына тосқауыл қоямыз. Бұл тізімдерді қалыптастырудың осындай тәжірибесі дүниежүзінің көптеген елдерінде қолданылады. Біздің ойымызша, мұндай шаралар қазіргі кезде өте қажет. Заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық жағдайларға нұқсан келтірмейді, қосымша бюджеттік шығындарды қажет етпейді. Атап айтқанда, елімізде синтетикалық есірткінің таралуына қарсы тиімді шара болмақ», - деді Ж. Сүлейменов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов синтетикалық есірткілер қай елдерден жеткізілетінін айтқан болатын

 

Соңғы жаңалықтар