Елімізде шағын бизнестен түскен табыс жергілікті бюджетке беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттің кірістер базасына беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкіметтің кеңейтілген отырысында хабарлады.

«Келесі жылдан бастап, жергілікті бюджеттің кірістер базасына шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы енеді. Сондықтан, инвестицияны белсенді түрде тартып, кәсіпкерлікті дамытатын өңірлер жергілікті бюджеттегі қосымша салықты алады», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне тоқталды.

«Үкімет басымдықтарының бірі – сапалы жұмыс орындарын құру болып саналады. Демографиялық өсімді ескере отырып, жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыздан 4,5 пайызға дейін түсіру мақсатында 2025 жылға дейін 2,7 млн азаматты жұмыс орнымен қамту қажет. Сондықтан, инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі Үкімет үшін маңызды болып қала береді», - деді Асқар Мамин.

Сонымен бірге, Премьер ұлттық еңбек нарығын жүйелі түрде жаңғырту бойынша шара қабылданатынын жеткізді.

Айта кетейік, елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды.

Жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктердің басшылары қатысуда.

Бұған дейін Асқар Мамин 2019 жылдың соңына дейін Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітілетінін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар