Елімізде санавиация қызметіне жыл сайын 3 мыңнан астам адам жүгінеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Медициналық авиация қызметі күн сайын 3-тен 15-ке дейін рейс жасайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Денсаулық сақтау министрлігі «Жедел медицина ұлттық үйлестіру орталығының» басқарма төрағасы Арман Баянбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медициналық авиация республика бойынша орта есеппен тәулігіне 3-тен 15-ке дейін рейстер жасайды. Рейстердің ең көп үлесі жарақаттану, оның ішінде жол апаттары салдарынан болған, сондай-ақ балалар арасындағы патология жағдайлары, қан айналым жүйесі аурулары, жаңа туған нәрестелердің патологиясы, акушерлік, гинекологиялық, хирургиялық, терапевтік патологиялар, басқа да аурулар кезінде медициналық көмек көрсету мақсатында жүзеге асады», - деді Арман Баянбаев.

Ел тұрғындарына санитарлық авиация арқылы шұғыл түрде жедел медициналық көмек көрсету 2011 жылдың сәуірінен бастап жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бұл қызметке үш мыңнан астам адам жүгінеді. Спикер ақпаратына сәйкес, бүгінгі күні медициналық авиацияның 33 әуе кемесі бар, оның ішінде 20 ұшақ және 13 тікұшақ пайдаланылады.

«Барлық пайдаланылатын әуе кемелерінің ҚР Азаматтық авиация комитетінен сертификаты бар. Осы қызметтің негізі қаланғаннан бері, яғни 2011 жылдан бастап, биылғы қазан айына дейінгі кезеңде орындалған ұшулар саны – 22 665. Донорлық ағзаларды алу және тасымалдау үшін 78 рейс жасалды. Шетелде ауыр халде жатқан ҚР азаматтары мен қандастарды еліміздің емханаларына жеткізу мақсатында әлемнің 25 еліне 107 шетелдік рейс жасалды», - деді спикер.

Сонымен қатар, Арман Баянбаев ел азаматтарына медициналық авиация түрінде шұғыл көмек көрсету – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар