Елімізде ресми тіркелген қанша таксист бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов салық саласында сервистік модельді дамыту бағытындағы жаңа пилоттық жобалармен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салық бойынша сервистік модельді дамыту бағытында 2 пилоттық жоба дайындалды. Атап айтқанда, платформалық жұмыспен қамту бойынша, жоба қазірдің өзінде іске асырылып жатыр. Келесі электрондық саудаға қатысты, оны биыл 1 шілдеден бастап іске қосу жоспарлануда. Бүгінде платформалық жұмыспен қамту бойынша салық органдары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен қатар, «Яндекс» интернет-платформасымен интеграциялық жұмыстар жүргізілуде. Ортақ келісімге қол қойылды», - деді Данияр Жанәлінов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар комитет басшысы кәсіпкерлік қызметтің ресми түрде тіркелуі керектігін еске салды.

«Мысалы, такси жүргізушісі жеке кәсіпкер тіркелуі немесе таксопарк штатында болуы керек. Егер төлем сомаларын салыстырып қарасақ, оларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені тиімдірек. Бүгінде такси жүргізушілерінің дені заңнан тыс жұмыс істейді. Такси қызметі бойынша елімізде 16 811 жеке кәсіпкер тіркелген. Ресми тіркелмеген таксистердің әлеуметтік тұрғыдан қорғалмағанын ұмытпаған жөн», - дейді ол.

Оның айтуынша, қаржылық сауатсыздық және азаматтардың кәсіпкер ретінде тіркелудегі қорқынышы салық міндеттемелерін орындауда кедергі келтіреді.


Соңғы жаңалықтар