Елімізде прокурордың қызметіне қатысты қандай жаңашылдықтар енгізілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында қылмыстық процестің үш буынды моделінде прокурор қылмыстық қудалау органдары жинаған дәлелдерге тәуелсіз баға беруі тиіс деп атап кеткен. Сол себепті үш буынды модельге көшудің екінші кезеңінде прокурорға айыптау актісін өзі толтыру құқығын беру ұсынылады. Пркурор күдіктінің әрекетіне жиналған дәлелдер негізінде толық әрі тәуелсіз баға бере отырып, саралау жасайтын болады. Айыптау актісінде күдіктіге қандай айып тағылғаны, қылмысты қалай жасағаны, жасау себептері, салдары, кінәсін растайтын мән-жайлар, сондай-ақ қылмыстың қандай баппен сараланып отырғаны көрсетіледі. Мұндай тәртіп алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесінде де бар», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.

Заң жобасының негізгі ережелері мыналар:

1. Айыптау актісін жасауда прокурорға кезең-кезеңмен беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2022 жылдан бастап бірқатар аса ауыр қылмыстар, 2023 жылдан сыбайлас жемқорлық бойынша істер, ал 2024 жылдан бастап барлық істер бойынша енгізілмек. Тергеушінің есебінде тергеу нәтижелері туралы қысқаша тұжырымдар ғана болады. Жиналған дәлелдерге талдау жасалмайды. Барлық сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қорытынды беретін түпкілікті құжат – ол прокурордың кеңейтілген айыптау актісі болып саналады. Ол құжатта прокурор жиналған дәлелдерге талдау жасайды және баға береді, қылмыстық істі сотқа жолдау туралы мәселені шешеді. Бұл өкілеттік прокурордың мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы конституциялық функциясынан тарайды.

2. Анықтау және жеделдетілген тергеуді хаттамамен аяқтау ұсынылады. Осындай санаттағы істер бойынша үлкен айыптау актісінің орнына қысқаша хаттама жасалады. Оны прокурор бекітіп, істі жолдайтын болады.

3. Қылмыстық теріс қылық туралы істер бойынша тергеу рәсімін барынша жеңілдету ұсынылады. Әкімшілік құқықбұзушылық істер сияқты бір хаттамада бірнеше процестік шешімдер мен әрекеттер бекітілмек.

4. Жобада тергеуді жылдамдату үшін тергеуші прокурордың келсімінсіз күдіктіден жауап алуы мүмкіндігі көзделген. Мысалы, адам елді мекеннен алыс жерде ұсталды. Ал тергеуші тез арада дәлелді бекітуі тиіс. Мұндай жағдайда тергеуші алдымен күдіктіден жауап алып, сосын прокурорға материалды келісім алуға жібереді.

5. Сот сатыларында істерді қарауға байланысты түзетулер бар. Бірінші сатыдағы сот өз шешімінде техникалық қате жіберсе, онда оны қосымша қаулысымен өзі түзете алатын болады. Қазір сот актісінде онша маңызды емес қате болса, ол апелляциялық сатыда түзетіледі. Бұл тараптардың уақытын алады, актінің күшіне ену мерзімін кешіктіреді, оның үстіне сот ресурстары кетеді. Күшіне енген актілерін кассацияда қайта қарау туралы өтініштері алқалы түрде үш судья зерделейтін болады. Бұл талаптар дәлелдерді тексеруді әділ етуге бағытталған. Жоғарғы соттың төменгі соттардың актілеріне өзгерістер енгізу негіздерінің тізімі енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар