Елімізде проблемалық кредиттер қорының жұмысы оңтайландырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде қор банк жүйесінде несие қоржынының сапасын жақсарту мақсатында бірқатар мәмілені жүзеге асырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

16 қараша күні Үкімет қаулысымен «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ мен «Оңалту және активтерді басқару компаниясы» АҚ қосу арқылы қайта құру шешімі қабылданды.

Қайта ұйымдастыру шаралары негізінде қор - банктердің проблемалық активтерін сатып алу арқылы ұлттық экономиканы сауықтыруға жәрдемдесу, кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу және активтерді басқару жұмыстарын жүзеге асыруда.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қайта құру экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында біздің министрлікке бағынышты ұйымдарды оңтайландыруға септігін тигізеді. Мұндағы мақсат - қайталанатын функцияларды болдырмау және шығындарды азайту. Сонымен қатар, ресурстарды шоғырландыру есебінен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін бағынышты ұйымдардың біртекті активтерін біріктіруді көздейміз», - деді ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, біріктіру нәтижесінде проблемалық кредиттер қорының негізгі бағыттары анықталады. Алдымен екінші деңгейдегі банктердің және бұрын банк болған заңды тұлғалардың активтерін сатып алу арқылы банк секторының жағдайы жақсарту керек. Екіншіден, сатып алынған активтерді экономикалық айналымға қосу, үшіншіден, бюджеттік несиелерді, сондай-ақ, мемлекеттік кепілдемелерді орындау барысында республикалық бюджеттен жұмсалған қаражаттарды өндіру қажет. Соңғысы - салалық және кедендік төлемдер бойынша берешекті жабу есебінен өндірілген мүлікті сатып алу.

«Бірінші бағыт бойынша 2017 жылдың шілдесінде 2,6 трлн теңгеге БТА активтері сатып алынды. Ол қаржы жұмыс орындары мен халықтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттік компаниялардың депозиттерін сақтауға, кредит берудің төмендеуінің алдын алуға мүмкіндік берді», - деді вице-министр.

Одан бөлек, қор осы жылдың тамызында Астана қаласының жаңа көлік жүйесі - LRT жобасын одан әрі іске асыру үшін «Астана LRT» ЖШС алдындағы банк қарызын өтеу мақсатында Астана банкінің қарыз алушыларына талап ету құқығын қорға беру бойынша мәмілені жүзеге асырды.

Вице-министрдің сөзінше, қос ұйымды біріктіру шаралары 2020 жылға дейін экономикадағы мемлекеттің үлесін ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдеріндегідей ЖІӨ-нің 15%-на дейін төмендету мүмкіндігін береді.

Айта кетсек, Оңалту және активтерді басқару компаниясы 1998 жылдан бері Дүниежүзілік банктің қаржы секторының бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджет есебінен бөлінген кредиттерді қайтарумен айналысып келеді.

 

Соңғы жаңалықтар