Елімізде отбасының цифрлық картасы енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде әр отбасының жеке цифрлық картасы болады. Онда белгіленген көрсеткіштер негізінде отбасының әлеуметтік жағдайы анықталып, мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз пилоттық режимде отбасының цифрлық картасын енгіздік. Яғни, елімізде әр отбасының картасы жасалып жатыр. Цифрлық картаны жасауда 5 бағыт негізге алынады. Ол отбасының экономикалық және әлеуметтік жағдайы, денсаулық, білім және баспанамен қамтылуы. Аталған 5 бағыттың негізінде отбасының портреті жасалып, қандай санатқа жататыны анықталады. Демек әл-ауқаты оңтайлы, қанағаттанарлық, осал, дағдарыс жағдайындағы және шұғыл көмек керек отбасы болып бөлінеді. Осы жерде дағдарыс жағдайындағы және шұғыл көмек керек отбасыға мемлекет тарапынан қандай қолдау қарастырылғанын жүйе автоматты түрде анықтайды», - деді Ербол Оспанов Астанада өтіп жатқан адам және ғаламшарға арналған цифрлық шешімдер тақырыбындағы конференцияда.

Аталған жобаны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп жүзеге асып жатыр.

«Отбасының цифрлық картасын енгізуді биыл қыркүйекте қолға алдық. Осы күнге дейін шамамен 20 мың отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Аталған қызметті іске қосу арқылы анықталған жағдай көп азамат мемлекет тарапынан қандай қолдау-көмектің барын білмейтін болып шықты. Осы орайда жаңа жылдан бастап цифрлық карта жобасын кең көлемде енгіземіз деп отырмыз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар