Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар қалай табыс табуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарды табыс табуға үйрету мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышевпен кездесу өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде елімізде 620 мың мүгедек жан бар, оның 23 069 Астанада тұрады. Оларға жеке қараушы мен ерекше күтім қажет етеді.

Вице-министрмен кездесуде Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыс істеп несібесін табу мүмкіндігімен қатар өз кәсіптерін дөңгелетіп отқан жандар жұмыстарын таныстыруда.

«Біз өзіміз секілді азаматтарды оқытып табыс табуға үйретеміз. ISIT онлайн мектебінің ерекшелігі еліміздегі жоғары жалақы төлейтін және үлкен сұранысқа ие мамандықтарды үйретеміз. Оқу барлық азаматтарға қолжетімді және алдыңғы білім базасын қажет етпейді. Бастысы жұмысты әлемнің интернеті бар кез келген бұрышында отырып істеуге болады. Ерекше айтып өтетін жайт бізде әлеуметтік әлсіз топтарға жеңілдік қарастырылған және мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін оқытамыз», - деді интернет-технология халықаралық мектебінің жетекшісі Әмір Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда офлайн оқудың шығыны көп және барлық дәрежедегі мүгедектерге қолжетімді емес, ал онлайн түрде үйде отырыпта оқуға болады.

Сонымен қатар ол мүгедек жандар үшін пандус пен арнайы лифтілер аз  қарастырылғандықтан жұмыс істеу мүмкіндігінің аздығында айтып өтті.

 «Онлайн оқуды аяқтаған соң, түйіндемеңізді жариялап жұмыс тапқан жағдайда электронды келісімшарт жасасып, жұмысты үйде отырып-ақ істей беруге болады. Сондай-ақ, білім алушылардың үздік дегендеріне Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі», - дейді ол.

Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев цифрландыру дамыған заманда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың SММ, копирайтинг, бағдарламалық жасақтама сынды қашықтықтан жұмыс істеуге болатынын айта келе, министрлік тарапынан аталған топ үшін әлеуметтік жобаның қолға алынғанын сөз етті.  «Бізді қуантатыны бұл азаматтардың белсенділігі, яғни үйренуге, жұмыс істеугедеген  құштарлықтары жоғары. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарды табыс табуға үйрететін пилоттық жобамыз жұмыс істеуде, ол бойынша алдымен 1 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтығымыз келеді, сәтті жүзеге асса жұмысшылар санын арттырамыз», - деді ол.

Айта кетсек, бүгінде жұмыс іздеушілерге арналған Enbek.kz сайтында 40 мыңнан астам бос орын бар, оның ішінде 79 919 жұмыс берушілер, 383 мың жұмыс іздеушілер, одан бөлек 51 жеке агенттік, 4 БАҚ және 7 онлайн алаң қызмет етеді.

Кеше хабарлағанымыздай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға цифрлық құралдарды үйретіп, соның негізінде олардың үйде отырып табыс таба алатынын айтқан болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар