Елімізде мүгедектік туралы анықтама беру талаптары жеңілдеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мүгедектік туралы проактивті қызмет туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір мүгедектікті белгілеуге өтініш білдірген азаматтар мен қоғам тарапынан куәландыру процесінің ашықтығына қатысты шағым өте көп айтылады. Осы проблеманы шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мүгедектікті белгілеудің проактивті немесе «сырттай куәландыру» форматына көшуді бастадық», - Тамара Дүйсенова Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, азаматтардың денсаулығы туралы мәлімет пен осыған байланысты тіршілік қалыбының өзгеруі жөніндегі дәрігер қорытындысы медициналық ақпарат жүйесіне енгізіледі. Ондағы ақпарат Еңбек министрлігінің Мүгедектігі бар азаматтар туралы орталықтандырылған мәліметтер базасына келіп түседі.

«Бұрын базадан оны әркімнің тұрғылықты жеріне жолдайтынбыз. Енді ешкімнің жеке мәліметін көрсетпей, автоматты түрде үш өңірдің сарапшылар комиссиясына жібереміз. Комиссияның қорытындысы негізінде шешім қабылданып, ол шешім азаматтарға ыңғайлы форматта жолдануда. Бүгінге дейін 25 мыңнан астам құжат немесе осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 21 пайызы осындай форматпен қаралды», - дейді Т. Дүйсенова.

Сонымен бірге жұмыс қорытындысы бірқатар тың мүмкіндіктер бар екенін көрсеткен. Атап айтқанда, азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына ұсынатын қағаз құжаттардың барлық түрін толық алып тастап, емханаларды бірыңғай терезе ретінде айқындау, ауру түрлері бойынша бейінді мамандарды сараптамаға тарту арқылы азаматтардың тұрмыстағы шектелу дәрежесін неғұрлым дәл белгілеу мүмкін болды.

Оған қоса, ұсынылатын қызметтер мен техникалық құралдардың нақты тізімін анықтап, көмекке мұқтаж әр азаматқа жеке атаулы оңалту бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі пайда болды.

«Бұл бағыттағы жұмысты Денсаулық сақтау министрлігімен бірге атқарып жатырмыз. 2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысын түбегейлі өзгертіп, осы саладағы қызметтің тең жартысын проактивті форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз», - деді Еңбек министрі.

Бұған дейін Тамара Дүйсенова елімізде 700 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұратынын айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар