Елімізде құс етіне қажеттіліктің 70 пайызы импорт есебінен қанағаттандырылып отыр - М. Көпей

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі күні еліміздегі құс етіне деген қажеттіліктің 70 пайызы импорт есебінен қанағаттандырылып келеді.  ҚР Парламенті Сенатында өткен «Қазақстанда құс шаруашылығын дамытудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстелде сөз сөйлеген ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей осындай көрсеткіштерге назар аударды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2000 жылы республикамызға сырттан 20 мың тоннаға жуық құс еті сатып алынған. Кейінгі кездері бұл көрсеткіш жыл сайын 20-30 мың тоннаға дейін артып отырған. Осылайша, 2006 жылы Қазақстанға 152 мың тонна құс еті импортталған. Яғни, 6 жылдың ішінде Қазақстанға құс етінің импорты жеті есе өсті. Тұтастай алғанда бүгінде құс етіне деген қажеттіліктің 70 пайызы импорт есебінен қанағаттандырылып отыр», деді М. Көпей.

 Сонымен бірге, Төраға орынбасары еліміздегі жұмыртқа өндіру мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, жұмыртқа өндіру құс етін импорттауға қарағанда сәл тәуірлеу болғанымен, жұмыртқа ұнтағының өсіп отырған импорты алаңдатады. «2006 жылдан бастап осы саланы мемлекеттік қолдау артып келеді. Асыл тұқымды жұмыртқаны өткізуді субсидиялау, құс етін өндіру кезінде құрама жемді арзандату және тауарлық жұмыртқаны өткізу осы қолдаудың аясына кіреді. Ал бұл жиынтығында 6 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды», деді М. Көпей.  

Соңғы жаңалықтар