Елімізде құрылыс салуда отандық материалдарды қолдану талабы енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде құрылыс нысандарын салу барысында отандық өнімдерді қолдану міндеті енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, құрылыс саласында отандық өнімнің үлесін арттыру мақсатында, біздің министрлік нормативтік-реттеу шарасын қабылдады. Соның аясында электронды реестр құрылды, онда құрылысты салу барысында қолданып жатқан материалдардың тізімі көрініп тұрады. Ендігі уақытта бюджет қаражатына салынып жатқан құрылыс нысанында қазақстандық құрылыс материалын қолдану міндетті талабы заң жүзінде енгізілді», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, аталған шара отандық құрылыс материалдарының өндірісіне оң әсерін тигізеді.

«Мысалы, құрылысты жобасын жоспарлау барысында міндетті түрде қазақстандық құрылыс материалдарын қолдану көрсетілетін болады. Сонымен қатар, құрылыстың сметалық құжатында, әр құрылыс материалдың қай елде өндірілгені көрсетіліп тұрады. Тағы бір талап өзімізде өндірілген құрылыс материалында «Қазақстанда жасалған» жазуының болуы шарт. Және бұл процесс қатаң бақылауда болады. Осы талапты орындау мақсатында биыл сәуір айында заңдағы тапсырыс беруші функциясына өзгеріс енгізілді. Яғни істелінген жұмыс актісінде отандық құрылыс материалдарының көлемі көрсетіледі. Сол сияқты ендігі уақытта тапсырыс берушілер мердігер компаниялардың есебіне қарап отырып, қаншалықты отандық өнімді қолданып жатқанын біле алады», - дейді ол.

Одан бөлек, министрдің бірінші орынбасары құрылыс саласындағы аталған жаңашылдықтың мемлекеттік сатып алу порталында ашық түрде жария етілетінін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар