Елімізде күріш тапшылығы бар ма - министр жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов кейбір ақпарат құралдарындағы күрішке қатысты мәліметтерге алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір кейбір ақпарат құралдарында күрішке қатысты әртүрлі мәлімет таралып жатыр. Осыған байланысты күріш нарығындағы жағдай қандай?», - деп сұрады Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтен.

Өз кезегінде министр күрішке қатысты ахуал тұрақты екенін, ішкі нарықтағы ақ күріштің қоры 257 мың тонна көлемінде бағалатынын атап өтті.

«Елімізде күріштің жылдық тұтыну көлемі 97 мың тоннаны құрайды. Яғни, желтоқсаннан бастап келесі жылдың күріш өнімін жинау кезеңіне дейінгі 10 айдағы тұтыну көлемі – 80 мың тонна. Демек, біздегі қор сол тұтыну көлемінен 3 есе артық.

Тоғыз айдың қорытындысында шет елдерге күріш экспортының көлемі 70 мың тонна болды. Басым бөлігі, 40 мың тоннасы - ұнтақталған күріш. Оның 80 пайызы Ресейге экспортталады. Ішкі нарықта күріш жеткілікті. Экспортқа шығаруға да жағдайымыз бар», - деді ол.

Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, өңдеуші зауыттарда бүгінде күріштің бір келісі 256 теңге болса, ал көтерме саудағы бағасы 340-390 теңге аралығында қалыптасып отыр.

«Яғни, ішкі нарық күрішпен толық қамтамасыз етіледі, етілді де. Демек, алаңдауға еш негіз жоқ деген сөз», - деп түйіндеді осы ретте Премьер-Министр.



Соңғы жаңалықтар