Елімізде Құрбан айттың алғашқы күні қалай өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Карантин режимінде өтіп жатқан Құрбан айт мерекесінде елімізде ұйымдастырылған бірқатар шараларға ҚазАқпарат тілшісі шолу жасайды.

Құрбан айттың алғашқы күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) өзінің Youtube және Instagram парақшалары арқылы «Құрбан айт – ұлық мереке» атты насихаттық бағыттағы онлайн шара ұйымдастырды.

Нұр-Сұлтан уақытымен 08:00 мен 09:00 аралығында өткен мерекелік бағдарлама ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне арналған ақ тілегімен ашылды.

Сондай-ақ қашықтан (онлайн) құрбан шалудың ерекшелігі, тарихы, шарттары жайлы әңгіме өрбіді.

Сондай-ақ, елімізде енгізілген карантин режиміне орай биыл Құрбан айт мерекесінде елордада «Құрбан айтта қуант!» жобасы іске қосылып отыр.

Жоба аясында арнайы мешіт анықтамалығы іске қосылып, сойған құрбандығының етін әкеліп бергісі келген жандарға ҚМДБ «Зекет» қорына құрбандық етін алуға өтініш білдірген отбасылар мекенжайы ұсынылып отырмақ.

Сонымен қатар, облыстардағы бас имамдар барша жұртшылық атынан Құран бағыштап, мейраммен құттықтады.

«Қасиетті Құрбан айт баршамызға мүбәрак болсын! Дұға, тілек, мінәжаттарымыз Раббымыз тарапынан қабыл болсын!. Әлем мұсылмандарының бүгінгі қуанышты мерекесі баршамызға құтты болсын! Ең алғашқы құрбандықты союды бастадық. Құрбандық шалуға облысымыздағы 1544 адам онлайн тапсырыс берді. Оның 1138-і Тараз қаласының тұрғыны», - дейді Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев.


Соңғы жаңалықтар