Елімізде көктемгі су тасқынына дайындық шаралары басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мамандар көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында біздің министрлік Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп су шаруашылығы жағдайы мен гидротехникалық құрылымдардың жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізілуде. Қауіпсіздікті қамту мақсатында кезекшілік кестесі бекітіліп, су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар барлық гидротехникалық құрылымда су тасқынының алдын алу іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Объектілерді тексеру актілері мен дайындық паспорттары, сондай-ақ төтенше жағдай туындау қаупі бар объектілерінің тізімі жасақталды»,- деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Досбол Бекмағамбетов «Қазгидромет» мекемесінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, көктемгі су тасқынына дайындық және алдын алу мәселесі министрліктің ерекше бақылауында.

Спикер келтірген мәліметке сәйкес, еліміз бойынша төтенше жағдайға 1403 бірлік автокөлік және арнайы техника, 50 000 тонна инертті материал, 38 200 құм салынған қап дайындалды.

«Қазсушар» мемлекеттік мекемесі мамандары және бассейндік инспекциялардың өкілдері төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия құрамына енгізілді. Сол сияқты біздің министрлік көрші мемлекеттерде орналасқан трансшекаралық су объектілеріндегі жағдайды талдайды», - дейді ол.

Экология министрлігінің дерегінше, көктемгі су тасқыны қаупі Қызылорда, Маңғыстау облысында төмен, Ұлытау және Павлодар облысында орташа. Қалған барлық өңір қызыл аймақта, яғни қауіп жоғары.


Соңғы жаңалықтар