Елімізде киберқауіпсіздік бойынша айыппұл көлемі өсуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық және киберқауіпсіздік саласындағы бұзушылықтар үшін айыппұлдарды көбейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жоғарыда аталған шаралармен қатар мемлекеттік бақылау бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері ақпараттық қауіпсіздік және ақпараттандыру саласындағы ҚР заңнамасының сақталуы бойынша жоспардан тыс 56 тексеру жүргізілді. 30 лауазымды тұлға мен бес заңды тұлға жалпы сомасы 2 млн 772 мың теңгеге жауапкершілікке тартылды. Әрине, бұл сомалар аз және бұл жауапкершілік адамдарды жағдайды өзгертуге ынталандырып отырған жоқ. Сондықтан киберқауіпсіздікті бұзу бойынша айыппұлдарды көбейту бастамасын көтереміз», - деді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында.

Вице-министр ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік мәселесін де атап өтті.

«Ақпараттық қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін тиісті жерге бармай-ақ әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда, яғни, біз келіп түскен шағымдарды қарастырамыз. Бүгінгі күні 49 әкімшілік іс қаралды және 28 лауазымды тұлға мен бір заңды тұлға жалпы сомасы 2 млн 386 мың теңгеге жауапқа тартылды.

Бізде жеке деректерді қорғау саласындағы тексерулер бойынша үлкен жұмыс бөлігі басталды. Өткен жылы ақпараттық қауіпсіздік комитеті дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган мәртебесін алды. Қазір біз тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар