Елімізде қайта өңдеушілерді отандық шикізатпен қамтамасыз ету тетігі енгізіледі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде қайта өңдеушілерді отандық шикізатпен қамтамасыз ету тетігі енгізіледі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін әзірленген «Өнеркәсіптік саясат туралы» және оған ілеспе заң жобалары назарларыңызға ұсынылды. Қолданыстағы заңнама кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуді кеңінен қамтуға негізделген. Ол өнеркәсіпке жіті назар аудармайды. Сол себепті өнеркәсіп дамуын толық қамтитын заң жобасы әзірленді. Заң жобасының негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту және дамудың шикізаттық моделінен ауысып, өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету», - деді ол.

Оның атап өтуінше, заң жобасының негізі Кәсіпкерлік кодекстің 24 тарауынан алынған. «Өндірістің барлық циклі қамтитын мынадай жаңалықтар көзделген. Шикізатпен қамтамасыз етуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін қайта өңдеушілерді отандық шикізатпен қамтамасыз ету бойынша тетік көзделген. Шикізат өндіруші, қайта өңдеуші және салалық мемлекеттік орган арасында отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі үшжақты келісімдерге қол қойылады. Келісім шикізатты жеткізу көлемін, толық қайта өңдеу бойынша міндеттемелерді және ең бастысы ерекше бәсекелі баға белгілеуді көздейді», - деді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар