Елімізде қайта өңделген өнім көлемін 80 пайызға жеткізу қажет - Б.Сағынтаев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Шетелден әкелінетін азық-түлікпен салыстырғанда отандық ауыл шаруашылығы тауарларының сапасы жоғары.

Сондықтан, өз елімізде шығарылып, өндірілетін тауарларды халық арасында насихаттауымыз қажет. Бұл отандық өндірістің өрге басуына септігін тигізбек. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында өткен мәжілісте мәлім етті.

Оның айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеу саласын дамыту еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды және өзекті мәселе болып отыр. Жергілікті жерлердегі ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеуден алынатын өнім көлемін 80 пайызға жеткізу қажет. Өкінішке орай, көп өңірлерде қайта өңдеу кәсіпорындары болғанымен бәрі бірдей толық қанды жұмыс істеп жатқан жоқ. Бүгінгі күні біздің мақсатымыз олардың жұмысын жандандырып, одан әрі дамыту болып табылады.

«Елбасы 2014 жылдың 1 шілдесіне дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету керек екенін атап өткен болатын. Ақмола облысында осы тұрғыда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірумен 72 кәсіпорынға айналысуда. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын облыс үшін өте аз көрсеткіш. Сондықтан, біздің мақсатымыз өңірлерге барып, Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламалары мен тапсырмалардың қалай және қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет тарапынан осы мақсатта қыруар қаржы бөлініп жатыр. Ол жергілікті жердегі кәсіпкерлерге жетіп жатыр ма, көңілінен шығып жатыр ма осыған көз жеткізу», - деді өз сөзінде Б.Сағынтаев.

Еске сала кетсек, Ақмола облысы бойынша биылғы жылы ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір деңгейде, яғни 9 миллиард теңгенің көлемінде болды. Астана қаласы маңындағы азық-түлік белдеуі аясында 2014 жылы Ақмола облысында құны 12,6 миллиард теңгенің 21 жобасы қолға алынған. Бүгінгі күні оның құны 237 миллион теңгені құрайтын 2 жобасы жүзеге асырылған.

Соңғы жаңалықтар