Елімізде кәсіпкерлерге арналған қосымша қашан толық режимде іске қосылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – E-Salyq Business мобильді қосымшасын 400 мың жеке кәсіпкер қолдана алады. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті E-Salyq Business жаңа мобильді қосымшасын таныстырды.

«Қазіргі кезде мобильді қосымша Ақмола және Жамбыл облыстарында тестілеуден өтіп жатыр. Осы орайда 3,5 мыңға тарта кәсіпкер осы қосымшаға тіркеліп, пайдаланып жатыр. Алдағы жылдан бастап қосымша толық режимде іске қосылады. 400 мыңға жуық кәсіпкер қосымшаны пайдаланады», - деді Жайдар Іңкәрбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Белгілі болғандай, пилоттық тестілеуде жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер және арнайы салық режимін қолданатындар ғана қатыса алады

Комитет мәліметіне қарағанда, «E-Salyq Business» жаңа мобильді қосымшасын Play market-тен жүктеуге болады. Сонымен қатар, App store-де аталған қосымшаны жүктеу үшін берілген өтінімге жауап алу рәсімдері жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар