Елімізде қаржы пирамидаларына қатысты қылмыс саны өсті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы бес жылда алаяқтық пен қаржы пирамидалары қылмыстары 26 пайызға өсті. Бұл туралы Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында депутат Владимир Волков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет төрағасы В. Волков отырысты аша келіп, соңғы бес жыл ішінде осы саладағы қылмыстың 26%-ға көбейгені туралы деректі келтірді. Олардың қатарына ғаламтордағы қылмыстар да бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол қылмыстардың саны 2,5 есе өсіп, 4 250 мыңнан 10 мыңға дейін көбейіп кеткен.

«Қазіргі жағдайда киберқылмыста тергеу шекарасы жоқ және ол трансшекаралық санатқа ауысып кетеді. Бұл елдерді халықаралық деңгейде бірлескен іс-қимыл жасауға мәжбүр етеді. Осыған байланысты киберқылмыспен күрес саласындағы халықаралық сарапшылардың халықаралық стандарттар талаптарына сай келетін қазақстандық заңнама нормаларын қайта қарау және пысықтау жөніндегі ұсынымдарын зерделеу және талқылау маңызды болып отыр», - деді сенатор.

Сенатор Ләззат Сүлеймен өз кезегінде алаяқтықтың құрбандары көбінесе халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері екенін атап өтті. Депутат осыған байланысты қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыру аясында қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды.

Бас прокуратураның ақпараты бойынша, қылмыстың осы түрлеріне қарсы іс-қимыл жасау үшін мекемеаралық жұмыс топтары құрылды, ынтымақтастық туралы меморандумдар, әдістемелік құралдар әзірленді. Сондай-ақ микрокредиттер беру қағидаларына өзгерістер енгізіліп, қылмыстарды ашу және тергеу бойынша жедел-тергеу топтары құрылған екен.

Ішкі істер министрлігінің өкілі мүдделі мемлекеттік органдар шетелдік киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі құқық қорғау органдарымен 2018 жылдан бастап Еуропа Кеңесінің Компьютерлік қылмыстар жөніндегі Будапешт конвенциясына Қазақстанның қосылуы жөнінде іс-шаралар жүргізіп жатқанын хабарлады. Бүгінгі күні Конвенция осы салада халықаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін әмбебап құжат болып саналады.

Сенаторлар отырыс нәтижесі бойынша қорытынды дайындады. Олардың қатарында алаяқтық әрекеттер мен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық құжаттар мен стандарттардың талаптарын ескере отырып, заңнаманы жетілдіру жөніндегі мекемеаралық жұмыс тобын құру, сондай-ақ нақты терминологияны әзірлеу, киберкеңістіктегі құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтары мен жауапкершілігін айқындау, кибер құқық бұзушылықтың белгілерін, іс жүргізу ерекшеліктерін саралау туралы ұсыныстар бар


Соңғы жаңалықтар