Елімізде қанша азамат ұлттық спорт түрлерімен айналысады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде 490 мың адам ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысады. IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысын баяндаған Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикамызда ұлттық спорт түрлеріне дайындайтын 8 спорт клубы мен 13 спорт мектебі жұмыс істейді. Еліміз бойынша 490 мың адам ұлттық спорт түрлерімен тұрақты тұрде айналысады. Мемлекет тарапынан ұлттық спортты дамыту мақсатында білім беру ұйымдарында ұлттық спорт түрлерін міндетті компонент ретінде енгізу үшін Дене шынықтыру және спорт туралы заңға өзгеріс енгізілді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне ұлттық спорттың төрт түрі енді. Олар - асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және саятшылық», - деп атап өтті Самат Ерғалиев.

Сонымен қатар, комитет төрағасы брифинг аясында 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Түркияның Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін мәлім етті. Онда Қазақстан құрама командасының 49 спортшысы сайыстың 5 түрі бойынша бақ сынайды. Сондай-ақ, көшпенділер ойындарында қазақ күресінен тұңғыш рет Қазақстан әйелдер құрамасы сайысқа түседі .

Қоса кетейік, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық топ қай сайыстан жүлде алуы мүмкін екеніне болжам жасаған болатын.



Соңғы жаңалықтар