Елімізде қанша адам пәтерін заңды түрде жалға береді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салықтан жалтармай, пәтерін жалға беретін қазақстандықтардың санын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үйді жалға берудің бірнеше жолы бар. Бірінші жол – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу. Еліміз бойынша осы жолды таңдап, жеңілдетілген декларация мен патент тапсырып жүрген 84 мыңнан астам адам бар», - деді Ержан Біржанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сондай-ақ,ол пәтер жалға берудің екінші жолын атады.

«Мұнда жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Егер ол облыс орталығында немесе ірі қалаларда тұрғын үй тапсырса, есеп айырысу айының басына дейін 1 АЕК төлеуі керек. Ал, аудандық деңгейде 0,5 АЕК төлеуі шарт. Мұндай режимді пайдаланатын 120 мыңнан астам адам бар», - деп түсіндірді вице-министр.

Пәтер жалдаудың үшінші жолын 2 мыңға жуық адам ғана қолданып жүрген көрінеді.

«Жеке тұлғалар табысы мүліктік кіріске тең болса, аталған кірісті бір жылдан кейін декларациялай алады және жалға алынған соманың 10%-ын төлей алады. Айталық, егер ол бір жыл ішінде 2 млн теңгеге тапсырса, ол декларацияда осы соманы көрсетіп, 200 мың теңге төлейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2 мыңға жуық адам осы тәсілді қолданды», - деді Ержан Біржанов.


Соңғы жаңалықтар