Елімізде қандай жолдар жөнделіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы Қазақстан бойынша 4 мың шақырымға жуық жолға жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл еліміз бойынша 4 мың шақырымға жуық жолға қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде Талдықорған мен Өскеменнің арасы, Қарағанды, Балқаш, Қапшағайдан Алматыға шығатын жол бар. Сондай-ақ, Меркіден Бурылбайтал, Қалбатаудан Қытай шекарасына қарай шығатын жол, Алматы облысы бойынша Үшаралдан Достыққа дейінгі жол, сол сияқты Ақтөбе мен Атыраудың арасы, Петропавлдан Қорғанға дейін, Қостанайдан Ақтөбеге дейінгі жолдар қайта жөнделіп жатыр. Және жөнделген жолдардың сапасын тексеріп алатын арнайы мониторингтік топ бар. Оның құрамында сала мамандарынан бөлек, құзыретті орган өкілдерімен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мамандары бар. Одан бөлек, жолдың сапасын бақылау шараларына кез келген қоғам белсендісі де қатыса алады», - деді ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.

Оның айтуынша, тұрғындардан жол мәселелеріне қатысты сұрақтар мен арыз-шағымдар тәулік бойы қабылданады.

«Бізде тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 жедел желі бар. Оған кез келген адам еліміздің барлық өңірінен жол мәселесіне қатысты сұрақтары мен арыз-шағымдарын қалдыра алады. Сондай-ақ, біздің компанияның әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы да хабарласуға болады. Одан бөлек, QAJ.KZ деген атаумен мобильді қосымша әзірлеп жатырмыз, жуырда іске қосылады. Ол жерде жолға қатысты мәліметтермен қатар, азаматтардың өз өтініштерін қалдыру мүмкіндігі болады», - дейді ол.

Одан бөлек, басқарма төрағасы Президенттің биылғы Жолдауында айтылған елді сапалы жолмен қамтамасыз ету тапсырмасының қалай орындалатыны туралы айтып берді.

«Еліміз бойынша 24 мың шақырым жол болса, бүгінде оның 13 мыңы толық жөндеуден өтті. Қалған 11 мың шақырым жолды Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін толық жөндеп бітіру міндеті тұр. Басты мақсат - 2025 жылға дейін жолдардың 60%-н 1-2 дәреже деңгейіне жеткізу. Ал қазіргі күні республика бойынша жолдардың 38%-ы 1 және 2 дәрежелі болып саналады. Сонымен қатар, бізде 6 транзиттік дәліз бар, бүгінде оларды толықтай жөндеп бітіру жұмыстары аяқталып қалды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар