Елімізде қалдықтарды өңдеу үлесі артты ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесі айтарлықтай өсті. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылы 737,2 млн тонна өнеркәсіптік қалдықтардың 227,9 млн тоннасы пайдаға асырылды және қайта өңделді. Бұл көрсеткіш 30,9 пайызды құрап отыр. Әрине, бұл үлкен көрсеткіш емес, алайда оның алдындағы жылмен салыстырғанда оңтайлы үрдіс бар. Яғни 2016 жылы осы көрсеткіш 26,8 пайыз деңгейінде тіркелген еді. 4,8 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтардың 440 мың тоннасы қайта өңделіп, пайдаға жаратылды. Осы бағыттағы көрсеткіш 9 пайыз болды. Дегенмен де айтарлықтай өсім бар, себебі 2016 жылы оның деңгейі тек 2,6 пайызды құраған болатын», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде қалдықтарды жинау мен шығару қызметімен халықтың 69 пайызы қамтылды. 2016 жылы бұл көрсеткіш 64 пайыз болған.

«Экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келетін полигондар үлесі 16 пайызға жетті. 2016 жылы оның деңгейі 15 пайызды құраған еді», - деп нақтылады ол.

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, қалдықтармен жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдаудың шаралары іске қосылған. Осы орайда министрлік ұсынысы бойынша қалдықтарды жинау, жою және пайдаға асыру қызметі экономиканың басымдықты секторлары тізіміне енгізілді. Бұл өз кезегінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпорындарға ұзақмерзімді лизингтік қаржыландыруды алуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар