Елімізде ірі қара саны 9 млн-нан асып, ұсақ мал 25 млн-ға жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға Ауыл шаруашылығы министрлігі қаншалықты дайын? Осы сұрақтың жауабы төңірегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков министрліктің мәліметтерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың бірінші жарты жылдығында шаруашылықтың барлық санатындағы ірі қара мал саны 4,5%-ға 9 030,9 мың басқа дейін, ұсақ қара мал (қой мен ешкі) 2,0%- ға, яғни 25,0 млн басқа дейін өсті», - деді Нұрбек Дайырбеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің сөзінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,5 млн гектарды құраған. Бұл өткен жылғы деңгейден 238 мың гектарға артық. Облыстардың жедел деректеріне сәйкес жем–шөп дақылдарының алқаптары 308,6 мың га, майлы дақылдар 142 мың га, бақша дақылдары 7,4 мың га, көкөніс дақылдары 3,9 мың га, картоп 2,5 мың га ұлғайтылған.

«Осы жылдың басынан бастап кейбір азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне келетін болсақ, (картоп - 43,3%, сәбіз - 31,4%, пияз - 20,3%, қарақұмық жармасы – 19%, сары май – 10,2%, қант - 10,7%) бұл олардың өндірісі көлемінің төмендеуімен байланысты емес. Бағаның ауытқуына және өсуіне өндірістің маусымдылығы, тиімсіз делдалдар, өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін қызметтер бағасының өсуі, сондай-ақ тұрақсыз жеткізілімдер мен карантин жағдайында күрт өсіп келе жатқан сұраныс сияқты факторлар әсер етеді», - деді ол.

Қазіргі уақытта Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қияр, қызанақ жинау жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан баға маусымдық сипатта төмендейді.


Соңғы жаңалықтар