Елімізде инвестиция үшін жағдай қолайлы - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА.  Қарашаның 19-ы. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 19-ы,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Сәбидің жанарын қайтаруға жәрдемдессек». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде мақала жарық көрді. «Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл ауылының тұрғыны Тоғжан Серіковадан хат келіп түсті. Хат иесі қызы Елдананы туысының 13 жасар баласы байқаусызда аңшы мылтығымен атып жіберуінің салдарынан қызының бір жақ қол-аяғы дұрыс істемей қалғандығын, басында 20 бытыра оқ тұрғандығын, екі көзі бірдей көрмей қалғандығын жеткізеді. Баспасөз  арқылы жеті жасар сәбидің тағдырына араша сұрап, мейірімді, иманды жандардан көмек қолын созуды өтінеді», дейді басылым. Аталған жан түршігерлік оқиғаның егжей-тегжейін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санын алыңыз.

 

Осы басылымның жазуынша, Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарына барсаң бейне бір жау әскері жүріп өткендей әсерде қаласың. Төбесі ортасына түсіп, қаңырап қабырғалары қалған ғимараттар мен шұрық тесік жолдар бомбаланған соғыс даласын еріксіз көз алдыңа әкеледі. Бұл көрініс, әсіресе, қазағы қалың елдімекендерге қатысты. Соңғы жылдары халқы көшіп кетіп, иесіз қалған ауылдар саны артып бара жатқаны да ащы шындық. Бір ескерерлігі, әкімі өзге ұлт өкілінен болып келетін аудандардағы ахуал тіпті ушығып тұр. Бұл жайтқа қатысты деректер толығымен «Тайыншалықтар «поляк автономиясы» болудан бас тартып отыр» деген мақалада баяндалған.

  

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «О тоба, лицензиямыз азайып барады...» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда 2010 жылғы 12-28 ақпан аралығында Канаданың Ванкувер қаласында ХХІ қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 84 күн қалғандығын айта келіп, «біз кеше «осы лицензиялардың саны артқан болар. Көбейсе, қанша болды екен?» деген оймен ҚР Ұлттық Олимпиада комитетімен хабарласқан едік. Өкінішке қарай, лицензиялар саны артпай, керісінше кеміп қалғанын білдік. Бүгінде лицензияларымыздың саны 30 екен» делінген. Бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрі әрі ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов Қазақстан спортшылары 32 лицензия жеңіп алғандығын айтқан болатын. Аталған жайттың жай-жапсарын, жарысқа қандай спортшыларымыз баратындығын, әлі қанша лицензия алуға мүмкіндігіміз барлығын осы басылымның бүгінгі санынан оқи аласыз.

***

Кеше қарашаның 18-і күні қазақ мәдениеті мен өнері орны толмас қазаға душар болды. 78 жасына қараған шағында Қазақстанның Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов дүниеден озды. Ол қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, кеңестiк дәуiрде-ақ өзiнің дарынымен қазақ театрының мәртебесiн аспандатқан, сахналық шешiмдерiнiң тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарландарының бірі болатын. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында «Бақұл бол, Әз-аға» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Сонымен қатар басылымда Елбасының марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, жедел хат жолдағаны айтылып, Астана қаласының әкімі, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері газет арқылы көрнекті өнер тарланымен бақұлдасты.

 Әзірбайжан Мәмбетовтің қазасына орай «Вечерняя Астана» газетінде де мақала жарық көрді.

 «Талғам төмен, байбалам басым». Осы тақырыппен «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген мақалада Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндеріне қатысты жүргізілген арнайы сараптаманың қорытындысы жайында айтылған. Жарияланымда сараптама жүргізуге қатысқан ғалымдардың пікірі де қоса берілген. Мәселен, ҚР ҰҒА-ның академигі Оразақ Ысмағұлұлы «Керей мен Жәнібек ескерткішін істеген адамдардың ниеті дұрыс шығар. Дегенмен жүзеге асырылу деңгейі өте нашар. Оны дәл осы қалпында бір жерге орнату ұятқа қалдырады. Бізге құр аты бар, зат жоқ ескерткіштер керек емес», депті.

 

«Астана ақшамы» басылымның жұма күнгі санында «Жыр дегеніміз - қазақ өнерінің бабасы» деген тақырыппен маңғыстаулық жырау Амандық Көмековпен арада сұхбат жаряланған. «Жырау дегеніміз - бұрынғы заманның театры. Жыршының өзі - режиссер, өзі - әртіс, өзі - шебер орындаушы. Жыраудың есте сақтау қабілеті, жады өте ұғымтал, зерек болған. Ол - естігендерін ұмытпайтын абыз. Қазақ жыраулары - әрі ақын, әрі әнші, әрі орындаушы. Міне, осының бәрі қосылып үлкен жыраулық мектептің негізі қалыптасқан. Батырлық қолынан келмейтін, қорқақтық, сылбырлық ол кездің жырауларына тән қасиет емес», дейді А.Көмеков. маңғыстаулық дүлдүл жыршымен арадағы екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.

***

Келесі жылы Қазақстанда экономиканы индустриялық-инновациялық жедел дамытудың 5 жылдық бағдарламасын жүзеге асыру ісі басталады. Ол  осыған дейін индустриялық салада қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың үздіктерін өз қатарына қосып алуға тиіс. Осы жайтқа орай «Экономика» газетінде «Елімізде инвестиция үшін жағдай қолайлы» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазушына,  индустриализация картасы құрамына құны 50 млн. доллардан асатын республикалық маңызы бар инвестициялық жобалар және құны 50 млн. доллардан төмен аймақтық маңызы бар инвестициялық жобалар енеді. Оған түсетін жобалар дайындығы деңгейіне қарай үш түрге, яғни дайындығы деңгейі жоғары, орташа немесе төмен деп бөлінеді.

 

«Биыл Павлодар облысының шаруалары мол астықққа кенелсе де, өнімді өткізуге келгенде тығырыққа тірелді. Бастапқыда табысқа белшеден батып, несие, лизинг секілді талай жылғы борышын өтеп, бір жарылқармыз деген үміт желге ұшты. Шаруалар баяғыдай тақыр күйінде қалып отыр», деп жазады «Экономика» басылымы. Аталған жайтқа орай аймақтағы ахуалмен осы басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Мол өнімді өткізу мұңға айналды» атты мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

  

«Кеше Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақстан судьяларының 5-ші съезінің жұмысына қатысқан Мемлекет басшысы сөз сөйледі», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша елбасы судьялар қауымдастығының алдында әділеттілік сапасын жақсартуға қатысты бірқатар маңызды тапсырмалар қойған. Съез жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің спикерлері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Орал Мұхамеджанов, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия, Испания және Францияның құқық қорғау органдарының басшылары қатысқан.

Осы тақырыпты жалғастырған «Литер» басылымы да Мемлекет басшысының соттар қатарындағы  кемшіліктерді жіпке тізіп шыққанын жазады. Елбасы судьяларды сынға алып қоймай, оларды іріктеу мәселесіне қатысты салмақты ұсыныстарын да ортаға салып, судьялыққа үміткерді ұсынған адам ол үшін жауапты болуы тиістігін де алға тартты.

 Ал «Экспресс-К» газеті Алматы облысының Қарасай ауданындағы бір қонақ үйде қыздардың еркінен тыс ұсталып, жезөкшелікке мәжбүрленгені анықталғанын жазады. Құқық қорқау органдары мұнда он алты қызды «тұтқыннан» босатқан, олардың 11-і шетелдік, қалғандары қазақстандық азаматтар екен. Қазір осы қылмыстың жай-жапсары анықталуда, дейді басылым.

Соңғы жаңалықтар