Елімізде газет-журналға жазылушылардың қатары азайып келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде бюджет қызметкерлерін газет-журналға еріксіз жазып, басылым оқырмандары қатарын қолдан жасау процесі тоқтады ма? Бұл сұраққа «Қазпошта» АҚ Нұр-Сұлтан қаласы филилалы сату бөлімінің бас маманы Ләззат Қонақбаева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорда халқы бүгіннен бастап 25 желтоқсанға дейін республикалық және қалалық газет-журналдарға алдағы жылға жазыла алады. Бүгін газет-журналдарға жазылу бойынша астаналықтар үшін арнайы шара ұйымдастырып, халық назарын аударып жатырмыз. Бұл жыл сайын ұйымдастырылатын шара. Өткен жылы пандемияға байланысты өтпей қалды», - деді Ләззат Қонақбаева.

Аталған шараға республикалық және қалалық 8 басылым өкілдері қатысып жатыр. Және алғаш болып газет-журналға жазылған оқырмандарға сыйлықта қарастырылған.

«Әр газет-журналдың бағасы әртүрлі. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында «Егемен Қазақстан» газетіне 6 айға жазылу 5800 теңге, ал «Казахстанская правда» газетінің 6 айлық бағасы 5900 теңгені құрайды. Жалпы басылымға жазылу бойынша елімізде проблеманың барын айта кету керек. Жыл санап газет-журналға жазылушылардың қатары азайып келеді. Оған интернетте себеп. Басылымдарға жазылатын да, оқитын да негізінен ересек адамдар, яғни дені зейнеткерлер. Біздің міндет газет-журналды оқырманға уақытылы жеткізу», - дейді ол.

Оның айтуынша, елордада бұрындары 1 басылымға 1 мыңның үстіне оқырман жазылса, соңғы жылдары газет-журналға жазылушылар саны 1 мыңға да жетпейді екен.

«Тағы бір маңызды жайт. Елімізде бюджет қызметкерлерін газет-журналға еріксіз жаздырады деген түсінік бар. Ол проблеманың бұған дейін болғаны рас. Дегенмен осыдан 3-4 жыл бұрын ішкі саясатты қайта қарап оның жолы кесілді. Қазір ешкімді қинап басылымға жазу деген жоқ», - деді Л. Қонақбаева.

Айта кетейік, бүгін елордада 2022 жылға газет-журналдарға жазылу жүріп жатыр. Келер жылға басылымдарға жазылу шарасы 25 желтоқсанға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар