Елімізде газды тиімді пайдалануды ынталандыруға бағытталған тетік іске қосылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде энергияны тиімді және газды үнемдеп тұтыну жоспары әзірленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің Парламент Мәжілісінің сегізінші шақырылымының бірінші сессиясында берген тапсырмасын орындау үшін Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Энергияны тиімді және газды үнемдеп тұтыну жоспарын әзірлеп жатыр. Қазіргі кезде Министрлік климаттық жағдайларда және жылыту маусымының ұзақтығын ескере отырып, әр аймақ үшін тауарлық газды тұтыну нормаларын жеке белгілеу нұсқасын қарастырып жатыр», - делінген Энергетика министрлігінің ҚазАқпаратқа берген жауабында.

Ведомство мәліметінде, газды тұтынудың белгіленген нормаларынан асқан кезде, артық шығын үшін жоғары коэффициенттер немесе деференцияланған баға қолданылады.

«Бұл тетік газды ұтымды тұтынуға ынталандыруға мүмкіндік береді», - дейді Энергетика министрлігі мамандары.

Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрлігі әділ тарифтік саясатты енгізе отырып, газды тиімді пайдалану жоспары пысықталып жатқанын растады.

«Аталған тапсырманы орындау мақсатында, ҚР Энергетика министрлігі мүдделі ұйымдарды тарта отырып («QazaqGaz» АҚ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ), Тауарлық газды энергиялық тиімді және ұтымды пайдалану жоспарын әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар тұрғындар үшін әділ тұтыну нормаларын белгілеу бойынша талдау жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша Энергетика министрлігі энергияны тиімді және ұтымды тұтыну нормаларын белгілейтін нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуді жоспарлап отыр», - деп аталып өткен Ұлттық экономика министрлігінің ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, наурыз айында VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуы тиіс екенін айтты.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов биыл сәуір айында газ саласына әділ тарифтік саясатты енгізуді тапсырған еді.


Соңғы жаңалықтар