Елімізде фискалдық операторлардың саны артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін Қазақстанда фискалдық деректер қызметі операторлары ретінде үш компания қызмет етеді. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, салық төлеушілер үшін онлайн-кассалық машиналарды енгізу кезінде тіркеу тәртібі барынша жеңілдетілуде. Кәсіпкерге салық өтінішін мемлекеттік кірістер органдарына келіп тапсырудың қажеті жоқ, онлайн-кассалық машиналардың деректері фискалдық деректер операторының веб-сайты арқылы электронды түрде жіберіледі. Бұл қызметтің нәтижесі фискалдық оператордың сайтындағы жеке кабинет арқылы алынады және бұл процесс бар болғаны 1 күнді алады (бұрын 5 күн болған-авт).

Сонымен қатар, вице-министр жыл соңына дейін фискалдық операторлардың саны артатынын жеткізді.

«Біз бәсекелестік ортаны құру бойынша жұмысты жүргізудеміз. Егер осыған дейін бір ғана оператор болса, ал қазір олардың саны үшеуге жетті. Бұл тұрғыда «Қазақтелеком», «Транстелеком» және «Кар-Тел» қамтылып отыр. «Транстелеком» АҚ 3 қыркүйектен бастап қызметін ұсынуды бастады. «Кар-Тел» ЖШС осы жылдың аяғына дейін өндірістік ортаға шығуды жоспарлап отыр», - деді Р. Еңсебаев.

Осылайша, бизнеске онлайн БКМ арқылы деректерді беру операторын таңдауға мүмкіндік беріледі.

Бүгінгі таңда бақылау-кассалық машиналардың мемлекеттік тізіліміне онлайн-кассалық машиналардың 85 үлгісі тіркелді. Оның ішінде БКМ үшін барлық заңды талаптарға сәйкес келетін мобильді құрылғыларда жұмыс істейтін және отандық әзірлеушілердің өнімі болып саналатын 15 үлгі кіреді. Салық төлеушілер кәсіпкерлік қызметте қолдануға ыңғайлы касса үлгісін өз бетінше таңдауға құқылы.

Соңғы жаңалықтар