Елімізде фермерлерге субсидия бөлу саласында қандай өзгерістер болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов фермерлерді қолдау саласында қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдерін фермерлер қауымдастығымен бірлесе отырып қайта қарауды тапсырды. Бұл ретте, субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша келесідей нақты міндеттер қойылды: шағын және орта шаруашылықтарға субсидияларды жеңіл тәртіпте беру, оларды алу рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру, субсидия алушылар үшін тиісті міндеттемелерді енгізу, сондай-ақ субсидиялау жүйесін мемлекеттің өнеркәсіптік саясатымен өзара байланыстыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасы бойынша Ауыл шаруашылығын субсидиялау саласына кешенді талдау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша Министрлікке субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша 170-тен астам ұсыныс жіберілді», - деді Р. Құрманов Мәжілісте аграрлық мәселелерді талқылау кезінде

Оның айтуынша, субсидиялау жүйесіндегі кемшіліктерді жою, сондай-ақ саланы одан әрі жетілдіру мақсатында Министрлік Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобын құрды. Оның құрамына салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Парламент депутаттары кірді. Жұмыс тобының 9 отырысы өткізіліп, онда субсидиялау жүйесін жетілдіру тәсілдері талқыланды. Жұмыс тобы қызметінің қорытындылары бойынша қолданыстағы субсидиялау жүйесінің негізгі контурларын сақтай отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған тиісті өзгерістерді қамтитын нұсқасы әзірленді.

«Енді қысқаша ішкі салалардағы мемлекеттік қолдаудың негізгі өзгерістеріне тоқталып өтейін. Қаражат бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары қалады. Қарыз алушы үшін мөлшерлемені жылдық 6%-ға дейін төмендете отырып, кредит пен мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау ескерілген. Осы орайда тиісті ережелер қазірдің өзінде бекітілген. Сақтандыру премияларын субсидиялауға тоқталсақ, былтыр нормативті 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Сақтандыру премиясын субсидиялау нормативін 80%-ға дейін ұлғайту жауынсыз мезгілдер қайталанған кезде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық қиындықтарын жеңілдету бойынша жағдай жасауға, кредитті қайтармау тәуекелін төмендетуге, сондай-ақ сақтандыру полисін арзандатуға және сақтандырылған егіс алқаптарын кеңейтуге әрі мал мен құсты сақтандыруды көбейтуге мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, инвестициялық субсидиялаудың барлық түрлері мен бағыттары жүйеленген. Жалпы, инвестициялық субсидиялаудың барлық түрлері сақталады.

«Бұдан бөлек, облыстық құрылыс және сәулет басқармаларының қызметкерлерін жаңадан салынған нысандарды тексеру жөніндегі мамандар тобына қосу туралы міндетті талапты ескере отырып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялау сақталады», - деді Р. Құрманов.

Мұнымен қоса, ірі қара малға арналған қолданыстағы бордақылау алаңдарының толығуы шамамен 40 пайызды құрағанын ескере отырып, осы орайда жаңа бордақылау алаңдарын салуға қатысты субсидиялауды алып тастау және қолданыстағы бордақылау алаңдарын техникалық әрі технологиялық қайта жарақтандыруға қаражатты қайта бағыттау ұсынылып отыр.

«Жайылымдарға су бұру үшін ұңғыма бұрғылау мен құдық қазу бағытына қатысты электр станциясы (бензин немесе дизель генераторы) және суды шығаруға арналған жабдықтар құнын субсидиялау жойылады. Себебі бұл салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдері байқалып отыр. Олардың нарықтық құны станциялар мен жабдықтарды өндіретін елдерге байланысты ондаған есе өзгереді. Бұл тұрғыда жабдықтың арзан түрлерін жеткізіп, жеке адамдар тауар құнын өсіріп, субсидиялардың қомақты сомасын ала алады. Бұл ретте осы паспорт бойынша инвестициялық салымдарды өтеу үлесін 50-ден 25%-ға дейін төмендету ұсынылып отыр», - деді министрлік өкілі.

Атап айтқанда, көкөніс өсіруді ұлғайту мақсатында жылыжай кешенін салу және кеңейту бойынша өтемақы үлесі 25%-дан 30%-ға дейін өседі. Бұл өз кезегінде маусымаралық кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жеміс-жидек, жүзім отырғызу бойынша инвестициялық салымдарды өтеу үлесін 25%-дан 40%-ға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында асыл бұқалар мен қошқарды жалға алуды субсидиялау жойылады.

Суда жүзетін құс пен күркетауық етін субсидиялау да тоқтатылады. Өйткені олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайды.

«Құс шаруашылығы бойынша жұмыртқаға 3 теңге субсидия нормативімен осы бағытта субсидиялауды жалғастыру ұсынылып отыр. Бұқа мен қошқарды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады. Жем-шөп саласында субсидиялау бойынша нормативтері мен субсидиялар алу критерийлері ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітіледі», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, қазіргі кезде субсидиялау қағидаларының жобалары мемлекеттік органдарда келісуден өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар