Елімізде ешқашан жұмыс істемеген 325 мың әйел бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда қанша жұмыссыз әйел бар және оған не себеп? Аталған сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде жұмыс күшінің 50%-ы әйелдерге тиесілі. Жұмыссыз әйелдердің қатарында бала күтіміне байланысты үйде отырғандар кіреді. Сонымен қатар, ауыл әйелдері бар, оларды еңбекпен қамту қиындау. Жұмыссыз әйелдер санының артуы осы себептермен байланысты деп ойлаймын.

«Күміс жас» жобасы аясында зейнет жасындағы әйелдер саны, олардың қаншасы еңбекпен қамтылғаны немесе жұмыссыз отырғаны анықталды.

Елімізде 50 жастан асқан 964 мың әйел бар. Соның ішінде 325 мың әйел жұмыссыз, яғни ешқашан жұмыс істемеген, еңбек өтілі жоқ. Көбі сол – баламен үйде отырғандар», - деді Тамара Дүйсенова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Еске салайық, бұған дейін елімізде жұмыссыз әйелдер үлесінің артқаны туралы хабарлаған едік.

Energyprom.kz ресурсының дерегінше, жұмыссыз әйелдер саны бір жылда бірден 4,3%-ға өсіп, өткен жылдың үшінші тоқсанында 257,4 мың адамға жеткен.


Соңғы жаңалықтар