Елімізде ересектер төлқұжатының беттері көбеюі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанға ересек азаматтарға арналған төлқұжаттың беттері артуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелге жиі шығатын азаматтарға ыңғайлы болу үшін ересек азаматтарға арналған төлқұжаттың беттерін 48-ге дейін арттыру ұсынылып отыр. Қазіргі төлқұжатта 36 бет бар. Әрине, бұл көбейгеннен кейін оның бағасы да өседі. 8 АЕК-тан (айлық есептік көрсеткіш) 12 АЕК-ке дейін. Себебі бұл өзгеріс шет мемлекеттерге жұмыс бабымен жиі болатын азаматтар үшін өте ыңғайлы. Олар Қазақстанмен қатар басқа да елдердің шекарасынан өтеді. Дегенмен бүгінгі 36 бетті төлқұжат қолданыста қала береді, мерзімі де сол күйінше 10 жылға дейін жарамды болмақ», - деді Ерлан Смайлов Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында жасаған баяндамасында.

Сондай-ақ, депутат 36 бетті төлқұжатқа арналған мемлекеттік баж көлемін өзгертпеу керектігін айтты.

«Төлқұжат парақтарының санын көбейту шетелге жиі шығатын азаматтардың шекарадан еркін өтуі мен көптеген елде болуына мүмкіндік береді. Және жаңа виза алу үшінде оң әсері болады. Мысалы, азаматтың 5 жылдық Шенген визасы бар, бірақ оның төлқұжатында шекараны өткені туралы белгіні қоюға арналған парақтар саны бітіп қалды. Бұл жағдайда ол жаңа төлқұжат рәсімдеп, визаны жаңа төлқұжатқа ауыстыру үшін шетел елшілігіне қайта хабарласуы керек. Бұл өз кезегінде артық шаруа және тәуекелге алып келуі мүмкін», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда балалар төлқұжатының қолдану мерзімін қысқарту ұсынылды.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының таныстырылымы өтті.


Соңғы жаңалықтар