Елімізде «электронды үй кітапшасы» қолданысқа енді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ІІМ, Әділет, Ақпарат және коммуникациялар министрліктері «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясымен бірлесіп, қазан айынан бастап «электронды үй кітапшасын» қолданысқа енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әрбір азамат тіркелгені туралы мәліметтерді, ал тұрғын үй иесі өз мекенжайында тіркелген барлық адамдар туралы ақпаратты ХҚКО немесе «электронды үкімет» веб-порталы арқылы ала алады.

Портал арқылы мәліметтер алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба керек. Немесе бір реттік парольдің көмегімен қол қойылған электрондық сұрау жіберуге болады. Егер ұялы телефонның нөмірі Азаматтардың мобильді базасында тіркелсе, «электронды үкімет» порталының есептік жазбасына сұрау салу қажет. Сонымен бірге, «электронды үй кітапшасында» нақты жылжымайтын мүлік объектісінде тіркелген адамдар туралы мәлімет мекенжайды тіркеу кодының деректері болған жағдайда беріледі.

«Қазіргі уақытта ІІМ мекенжайды тіркеу кодын автоматты түрде енгізу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні халықтың 50%-дан астамының мекенжай мәліметтеріне мекенжайды тіркеу коды енгізілді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады» делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Автоматтандырылған мекенжайды тіркеу кодын енгізу барысында сәйкессіздіктер немесе дұрыс емес мекенжай мәліметтері анықталған кезде азаматтарға мекенжай деректерін түзету үшін ХҚКО-ға жүгіну қажет.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар