Елімізде электр энергиясымен қамту үшін қандай шара қабылданып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде электр энергиясы қажеттілігін қамту мақсатында қандай шараның қабылданып жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру сағатына 112,3 млрд кВт-ты құрап отыр. Тұтыну көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға өсті. Осы орайда қазан-қараша айында 0,25 млрд кВт көлемінде электр энергиясының тапшылығы байқалды. Аталған тапшылық Ресей Федерациясының энергия көздері есебінен өтелді. 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруді сағатына 141,2 млрд кВт-қа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осылайша, ел экономикасының электр энергиясына деген қажеттілігін өтеу мақсатында өндірісті 11 ГВт-қа дейін жеткізу міндеті тұр. Ол міндетке жұмыс істеп тұрған электр станцияларын қайта жаңғырту, жаңа станциялар салу, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін іске қосу арқылы қол жеткізілмек», - деді М. Мырзағалиев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, биыл елімізде жаңартылатын энергия көзін өндіретін 19 нысан іске қосылды.

«Отын-энергетикалық кешені саласында жалпы сомасы 29,8 трлн теңге болатын 157 жобаны іске асыру жоспарланған. Министрлік белгіленген жоспарларды орындау үшін және алынған міндеттемелер шеңберінде мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін салатын болады. Бүгінгі күні біздің министрлік 2030 жылға дейінгі еліміздің отын-энергетикалық кешенін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірледі», - дейді ведомство басшысы.

Бұған дейін министр Түркістан облысында жаңа мұнай өңдеу зауыты жобасының қолға алынғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар