Елімізде электр энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін бе – министрлік жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда электр энергиясы тапшылығына қатысты алаңдаушылыққа негіз бар ма? Бұл сұраққа ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұрат Жөребеков жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электр энергиясын тұтынуға қатысты статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары сұраныс артқаны байқалады. Яғни электр энергиясын тұтыну әр жыл сайын 1-2 пайызға өсіп отыр. Әсіресе биыл 10 айдың ішінде тұтыну көрсеткіші күрт артты, 8 пайызды құрады. Бұл жерде әңгіме 1000-12000 МВт электр энергиясы туралы болып отыр. Бұл жайтты біз майнерлермен байланыстырып отырмыз. Бүгінде елімізде 50-ге жуық майнингтік дата орталығы бар. Жалпы майнингтік ұйымдарға артатын кінә жоқ, дегенмен отандық нарықта көлеңкелі майнингтік қызметпен айналысатын компаниялардың барын да жасырмау керек. Және олардың үлесі жыл сайын артып келеді», - деді Мұрат Жөребеков ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда вице-министр көлеңкелі майнингтік компанияларға қарсы күрес жүргізілетінін еске салды.

Сондай-ақ, М. Жөребеков «Елімізде электр энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін бе?» деген сауалға қатысты пікір білдірді.

«Жоқ, біз тапшылықтың туындауын көріп тұрған жоқпыз. Елімізде электр энергиясы жүйесі тұрақты, дегенмен тұтынудың артуына байланысты алдын алу шарасын қабылдаған жөн. Және баға тұрақтылығы да назарда болуы тиіс. Сонымен қатар заңсыз жұмыс істейтін майнингтік ұйымдардың мәселесін қолға алу керек. Электр энергиясын ауқымды көлемде қолданатын солар», - деп жауап берді министрдің бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, 1000-1200 МВт электр энергиясын өндіру үшін 5 жыл уақыт және 1-1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы керек екен.

Бұған дейін елімізде бензин бағасының өсуіне негіз жоқ екені айтылды .


Соңғы жаңалықтар