Елімізде экологиялық проблемаларды шешудің жол картасы әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда экологиялық мәселелерді шешуге арналған жол картасы әзірленді. Ол 17 бағыттан тұрады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің министрлік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында экологиялық проблемаларды қоғаммен, әсіресе экобелсенділермен бірлесіп шешу жолын қарастырды. Жұртшылықпен талқылау нәтижесінде әкімдік және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп экологиялық проблемаларды шешудің 17 жол картасы әзірленді. Оның аясында барлығы 485 іс-шара қарастырылған. Биыл соның 95-ін өткізу жоспарланып отыр. Биылғы жылдың 1 тоқсанында 70 іс-шара өткізу жоспарланып, оның 42-сі орындалды және 28 іс-шара енді қолға алынады», - деді З. Жолдасов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған жол картасы өз нәтижесін 2025 жылға қарай бере бастайды.

«Экологиялық проблемаларды шешу жол картасын іске асыру 2025 жылға қарай еліміздегі 10 қала атмосферасының ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сол арқылы ірі қалалар ауасының жай-күйі жақсара түседі. Одан бөлек, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 7 және 24 жаңа полигон салу жоспарымыз бар. Сол сияқты 12 қатты тұрмыстық қалдық полигоны қайта жаңғыртылады», - дейді ол.

Бұған дейін комитет басшысы еліміздегі ауа лас 10 қаланы атады.



Соңғы жаңалықтар