Елімізде бюджет шығынының 45 пайызы әлеуметтік салаға тиісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қазына шығынының 45 пайызы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатына яғни әлеуметтік дамуға бағытталған. ҚР Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конституцияға сәйкес Қазақстан әлеуметтік мемлекет. Елімізде жыл сайын шығынның шамамен 45%-ы азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғау мақсатына яғни әлеуметтік дамуға бағытталады. Оның қатарында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және мәдениет бар. Атап айтсақ, біздің елімізде орта және кәсіптік-техникалық білім тегін беріледі, барлық азамат кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемімен қамтамасыз етілген. Сол сияқты әлеуметтік қорғалмаған азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алады, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінде мемлекет ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен зейнеткерлердің шығыстарын да көтеріп отыр», - деді Н. Годунова халықаралық концеренцияда жасаған баяндамасында.

Сондай-ақ, комитет басшысы аталған әлеметтік шығынның қандай салаларға бағытталғанын айтып берді.

«Бұл негізінен «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы», «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы, АӨК-ті (агроөнеркәсіптік кешен) дамыту, «Ауыл – ел бесігі» жобалары экономиканы тұрақтандыруға бағытталды. Одан бөлек, COVID-19 індетін таратпауға арналған шараларға жұмсалған шығын бар. Осылайша Есеп комитетінің Үкіметке айтқан ұсынымдарынан кейін артылған қаражаттың кемінде 20%-ын неғұрлым шұғыл шешімді талап ететін мәселелерге қайта бөлуге мүмкіндік беріп отыр», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін елордада онлайн-форматта Есеп комитетінің 25 жылдығына арналған «Жаңа тарихи шындық жағдайындағы мемлекеттік аудит жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Аталған шараға Президент Әкімшілігі, ҚР Үкіметі мен қатар 27 елдің жоғары аудит органдарының өкілдері, сонымен қатар 11 жоғары оқу орны мен 17 тексеру комиссиясының өкілдері қатысып жатыр.



Соңғы жаңалықтар