Елімізде бизнес климатты жақсартуда жүйелі жұмыстар жүргізілуде - Рүстам Жүрсінов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Салықтық құқықтық қатынастар әсіресе бизнес үшін ең күрделі әрі сезімтал салалардың бірі болып саналады. Біздің міндетіміз - елдің Салық кодексін мүмкіндігінше қарапайым ету. «Саяси реформалардың жаңа президенттік пакеті» атты сараптамалық талқылауда мұндай пікірді Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстам Жүрсінов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бизнесті реттеу жұмысы дәйекті әрі біртіндеп атқарылуда. Елімізде бизнес климатты жақсартуда жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Былтыр күзгі сессияның ашылуында - 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы дәстүрлі түрде кәсіпкерлік ортаны мемлекеттік тұрғыда реттеуді жетілдіру мәселесіне баса назар аударды. Бұл жұмыс жалғасуда. Өткенді шолып шығар болсақ, Елбасының бірден іскерлік ортаны жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралары туралы Жарлығын еске түсіреміз. Ауқымды жұмыс атқарылды. Ең бірінші кезекте, Кәсіпкерлік кодекс және хабарламаларға рұқсат беру туралы заң қабылданды», - деп атап өтті Рүстам Жүрсінов.

Оның айтуынша, осы заң қабылданғанға дейін бүкіл елде 1115 лицензия мен рұқсат күшінде болған. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде оның 73%-ы қысқартылған. Қазір шамамен 260-ы қалды.

«Бір кезде біз бизнеске қаншалықты талап қоятынымызды есептей бастадық. Бұл жұмысқа шамамен бір жылға жуық уақыт жұмсалды. 30 мың 540 санына тоқталдық. Тіпті біздің аппараттың күшімен бизнеске қойылатын барлық талапты есептеп шығу мүмкін емес. Олардың санын 50% қысқартып, 13 мыңын қалдырдық. Алайда өз жұмысымызға талдау жасай отырып, бізде неліктен түбегейлі өзгерістер жоқтығын түсінгіміз келді. 2015 жылы 215 мың кәсіпкер әкімшілік айыппұлға тартылды. 2019 жылы бұл сан 503 мыңға дейін өсті. Егер статистиканы алар болсақ, бізде тек 1 миллион 300 кәсіпкер бар. Құқықбұзушыны әр секунд сайын анықтауға болады. Бірақ бұл дұрыс емес. Барлық талапты білу мүмкін емес», - дейді кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Рүстам Жүрсіновтың пайымдауынша, кәсіпкерлік саланы реттеудің негізгі, яғни базалық қағидаттарын ұғынып алу абзал.

«Ақыр соңында, кәсіпкерлік деген еркіндікті талап ететіні белгілі. Мүмкіндігінше кез-келген байланысты азайту керек. Сонда ғана жаңа экономикалық саясатты жолға қоя аламыз. Сондықтан Мемлекет басшысы өзінің назарын осынау өзара байланыстар адамның өмірі мен денсаулығына, экологияға, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер туындаған жағдайда ғана болуы керектігіне аударды. Міне, сол себепті 31 желтоқсанда Президент тиісті жарлыққа қол қойып, реттеуші гильотина тұжырымдамасын енгізді. Барлық мемлекеттік орган 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін емтихан тапсырып, өз талаптарын қорғауы керек. Егер олар емтиханнан сүрінсе, онда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар осы талаптар үшін ешкім әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Бұл барлық мемлекеттік органдарға негізгі талаптарға сәйкестік аудитін жүргізуге түрткі болады», - деп түсіндірді Рүстам Жүрсінов.


Соңғы жаңалықтар