Елімізде биржалық сауданың бірыңғай қағидалары бекітілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биржалық сауданың Бірыңғай қағидалары бекітіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта тауар биржалары брокерлер мен дилерлерді аккредиттеуді, сондай-ақ сатып алушылар мен сатушылардың бір биржадан екіншісіне ауысуын қиындататын әртүрлі талаптармен өздерінің ішкі биржалық сауда ережелерін белгілейді. Бәсекелестікті және тауар биржасына тең қолжетімділікті арттыру мақсатында заң жобасында биржалық сауданың Бірыңғай қағидаларын бекіту көзделген. Сондай-ақ онда: брокерлер мен дилерлер үшін дискриминациялық шарттар мен ережелерді алып тастау жөніндегі нормалар, сатып алушылар мен сатушылар үшін сауда шарттары мен рәсімдерін ауыстырмастан биржаны еркін өзгерту мүмкіндігі қарастырылған», - деді Б. Сұлтанов.

Оның айтуынша, бұл ретте, Бірыңғай қағидалармен оларға жекелеген талаптар қоя отырып, тауарлар мен

сауда-саттықты секциялар бойынша бөлу белгіленетін болады.

«Сонымен қатар, заң жобасында тауар биржасына брокерлердің жасалған келісімдерінің көлеміне қарай сараланған биржалық алым белгілеу құқығы көзделген. Енгізілетін норма тұрақты сауда жүргізетін сатушылар мен сатып алушыларға биржалық алым ставкаларына жеңілдік алуға мүмкіндік береді, бұл олардың биржалық сауда көлемін ұлғайтуға мүдделілігін арттырады», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі уақытта Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензияланған.


Соңғы жаңалықтар