Елімізде бірқатар салада салық салуға қатысты өзгерістер болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында үш заң жобасы қаралды. Осы орайда палата депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұл құжат Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында, 2022 жылғы 12 қаңтарда отандық бизнес өкілдерімен кездесуде, сондай-ақ 2022 жылғы 21 қаңтарда отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуде айтылған жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді.

Оның ішінде, аталған заң жобасы аясында:

- салық салудың сараланған тәсілін қолдана отырып, пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың мөлшерлемелерін ұлғайту, рентабельділік деңгейіне байланыстыра отырып, жаңа кен орындары үшін осындай салықты төлеуден босату;

- дивидендтер бойынша жеңілдіктердің күшін жою және оларға салық салу, бейрезидент-үлестес тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді қолдануды шектеу;

- цифрлық майнингке салық салу мөлшерлемелерін арттыру;

- төтенше жағдайдың қолданылуы кезеңінде келтірілген залалды өтеу кезінде салықтық жеңілдіктер беру мәселелерін реттеуге мүмкіндік беретін нормаларды енгізу;

- темекі өнімдеріне акциз ставкаларын, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында белгілеу ескерілген.

«Бірінші міндет – табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірісті күшейту. Қатты пайдалы қазбалар бағасының динамикасы талданды. Мәселен, 2018-2022 жылдар кезеңінде биржалық металдар бағасы 40 пайыздан жоғары өсім көрсетті. Биржадан тыс пайдалы қазбалар (темір кені, хром кені, марганец және т.б.) орта есеппен 20%-дан 40%-ға дейін өсті. Осыны ескере отырып, биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін 50 пайызға, ал қалған қатты пайдалы қазбалар бойынша 30%-ға ұлғайту ұсынылады», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, салық жүктемесін ұлғайтумен қатар, геологиялық барлауды және жаңа кен орындарын ашуды ынталандыру бойынша қадамдар ескерілген.

Мұнымен қоса заң жобасы аясында қаңтарда зардап шеккен кәсіпкерлерге салық жеңілдігі қарастырылады.

«Мемлекет басшысы қаңтар айындағы оқиғалар барысында келтірілген залалды өтеу, бизнеске жәрдем көрсету туралы тапсырма берді. Аталған жұмыс барысында салық салу мәселелері де бар. Сондықтан алынған өтемақы сомасы бойынша кәсіпкерлерді салық міндеттемесінен босату мақсатында осы мәселені реттеу нормалары ұсынылады», - деді Ә.Қуантыров.

Сонымен қатар ол интернет саласындағы салық салу жүйесіне қатысты ұсынысын айтты.

«Интернетпен тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін жаңа технологиялар көбірек қолданылып жатыр. Соның бірі – геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелері. Салық кодексінде осындай байланыс түрі үшін 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем белгілеу ұсынылады», - деді министр.

Көлік жүйесін жақсарту қадамдары

Бүгін палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы:

- жолдарда көліктік бақылауды автоматтандыруға;

- теңіз апаттарының салдарын жоюға байланысты қатынастарды реттеуге;

- теміржол көлігіндегі апаттар, авариялар мен оқиғаларды тергеудің тиімділігін арттыруға;

- азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымды институционалдық дамыту арқылы азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға;

- ұлттық заңнаманы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы стандарттарының талаптарына және Еуропалық Одақтың авиациялық талаптарына сәйкес келтіруге арналған.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының 4 кодексі және 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

«Атап айтқанда заң жобасы әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынаста автомобильмен тұрақты тасымалдауда «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектердің тегін жол жүру құқығын көздейді. 15 жастан 18 жасқа дейінгі жастар билет құнының 50 пайызын төлей алады», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Министрлік келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанда 65 мыңнан астам «Алтын алқа», 137 мыңнан астам «Күміс алқа», 15 мыңнан астам «Батыр ана» иегерлері бар. І топта – 69 444, ІІ топта – 280 965 және ІІІ топта – 264 934 мүгедектігі бар адам тіркелген. 7 жасқа дейінгі балалар саны 2 миллионнан асса, 7-15 жас аралығындағы 2,7 млн бала және 16-18 жастағы 724 мың жас бар.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, авиакомпанияларға әуе тасымалы шектелген адамдардың жеке тізілімін жүргізуге мүмкіндік беретін норма енгізіледі. Алайда азаматтар мұндай тізімге тек ұшақ бортындағы құқықбұзушылық үшін және оларды қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту нәтижесінде кінәсі дәлелденген жағдайда ғана енгізіледі.

Энергия үнемдеу талаптары айқындалды

Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында энергия аудиторларын аттестаттау жөніндегі мемлекеттік функцияны бәсекелестік ортаға беру, энергия аудиті саласындағы кәсіпкерлік қызметті кеңейту және энергетикалық аудиттің ерікті сипаттағы «экспресс-энергия аудиті» және «нысаналы энергия аудиті» деген жаңа түрлерін енгізу жолымен энергия аудиті жүйесін жетілдіру көзделеді.

Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері энергетикалық менеджмент жүйесі енген, энергия аудитінің алдыңғы қорытындысы болған және жылдық энергия тұтынуды кемінде 5%-ға төмендету қамтамасыз етілген жағдайда міндетті энергия аудитінің орнына экспресс-энергия аудитінен өте алады.

Заң жобасындағы бірқатар түзетулер субъектілерге заң бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беру мақсатында субъектілерге бармай профилактикалық бақылауды ендіруге бағытталған.

Екінші оқылымдағы заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар:

- Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің су тұтыну мониторингі бойынша нормаларды сақтауға;

- Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің тізбесін кеңейтуге; - міндетті энергия аудитінің орнына экспресс-энергия аудитін жүргізу шарттарын жеңілдетуге;

- бақылау субъектілеріне бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібін нақтылауға;

- энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы хабарлама беру тәртібін нақтылауға;

- энергия аудиторының құқықтары мен міндеттерін белгілеуді көздейтін жеке бап енгізуге бағытталған түзетулер енгізді.

Депутаттар «Электр энергетикасы туралы» және «Табиғи монополиялар туралы» Заңдарға республикалық маңызы бар қалалардың жылу электр станцияларын баламалы энергия көздеріне, атап айтқанда газға ауыстыру тетігін заңнамалық бекітуге және электр энергиясының тапшылығын жабуға бағытталған түзетулерді жеке блокпен енгізді. Осы нормаларда отынның баламалы түрі ретінде газды пайдалану арқылы генерациялайтын қондырғыларды сала отырып, жаңғыртуға, реконструкциялауға және кеңейтуге инвестициялық келісімдер жасасу көзделеді. Палата депутаттары заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.

Маңызды заң жобалары Мәжіліске енгізілді

Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылайды.

«Аталған заң жобасы Мәжіліске Парламент депутаттарының бастамасымен 2022 жылғы 23 мамырда енгізілді. Құжат кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсартуға, сондай-ақ Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық іс-шараларын әзірлеу тобының халықаралық стандартын іске асыру мақсатында әзірленді. Қаржы және бюджет комитеті заң жобасы бойынша 2022 жылғы 30 желтоқсанға дейін қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов палатаның жалпы отырысында.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттарының қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.

«Бұл заң жобасы Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен Мемлекет басшысының қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Құжаттың негізгі мақсаты - азаматтар мүлкінің қорғалуын арттыру және қаржы пирамидасының бастапқы сатысындағы қызметінің жолын кесу. Қаржы және бюджет комитеті заң жобасы бойынша 2022 жылғы 16 қарашаға дейін қорытынды әзірлеуге дайын», - М. Құсайынов.


Соңғы жаңалықтар