Елімізде бірдей нысандардың құрылыс құны бойынша елеулі айырмашылық бар – Мәжіліс

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қуаттылығы бірдей нысандардың құрылысында құны бойынша елеулі айырмашылыққа жол берген өңірлерді тексеру керек. Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Мәди Ахметов «Ауыл-Ел бесігі» жобасына былтыр 106 млрд теңге бөлінгенін айта келе, Үкімет пен облыстардың әкімдіктері жобаны 90 пайызға орындағаны жайында есептерін бергенін жеткізді.

«Дегенмен, бірдей қуаты бар жобаларға қаржат бөлу ондаған немесе одан да көп айырмашылықты құрап отыр. Мысалы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Шалқия кентіндегі 150 орындық ауылдық клубтың құрылысы 50 млн теңгені құраса, дәл сол 150 орынға арналған клубтың Алматы облысы Алакөл ауданы Ақтүбек ауылындағы құрылысы 518 млн-нан астам қаржыны құрады. Айырмашылық 10 есеге жеткен. Ал Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында 160 орындық дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы 255 млн теңге болса, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде екі есе үлкен 320 орындық кешеннің құрылысына 89 млн теңге жұмсалған. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Не себепті министрлік қуаттылығы бірдей нысандар құны бойынша елеулі айырмашылыққа жол берген?», - деп сұрады М. Ахметов.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өңірлерде ұқсас жобалардың құны бойынша айырмашылық кездесіп жатқанын айтты.

«Бұл мәселелерді қазір жан-жақты қарап жатырмыз. Кейбір өлшемшарттарға сәйкес, бір нысандарда қосымша жабдықтар болса, қалғандарында бұл жабдықтар алынбауы мүмкін. Қазір өңірлік стандарттарды қарастырғанда осы мәселелерді қайта пысықтайтын боламыз», - деді министр.

Сонымен қатар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев елімізде нысандарға қатысты типтік жобалар әзірленгенін еске салды.

«Олар салалық министрліктің өтінімі бойынша даярланады. Сәйкесінше, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері бағытында типтік жобалар бар, сондай-ақ олар жергілікті атқарушы органдарға қолжетімді. Түрлі өңірлерде құрылыстың құны бойынша айырмашылық мәселесіне тоқталсақ, бізде наурыз айында орташа көрсеткіш бойынша қағидалар бекітілді. Онда барлық әлеуметтік нысан тізбегі көрсетілген. Осы орайда нысанның шаршы метрі үшін шекті баға бекітілді. Қазіргі кезде осы ережеден тыс сараптамадан өтуге мүмкін болмайды. Егер 300 орындық мектеп салынса, онда бір шаршы метрдің шекті құны қарастырылған. Сонымен қатар, құрылыс кезінде тапсырыс берушіге де байланысты болады, яғни кейбірі жоғары бағамен оған жабдықтардың құнын қосады», - деді вице-министр.

Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев бірдей нысандар құрылысында құны бойынша еселенген айырмашылық фактілерін тексеру керек екенін айтты.

«Осындай 10 есе айырмашылыққа негіз бар ма? Ауылда қандай ерекше жабдықтар қойып жатыр? Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарау керек», - деді П. Казанцев.


Соңғы жаңалықтар