Елімізде бидайдың тоннасы биыл 12 мың теңгеге қымбаттады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Елімізде бидайдың бағасы қымбаттады. 3-класты бидай 54 мың теңгеден саудаланып жатыр. Бұл былтырғы бағадан 12 мың теңгеге қымбат, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны қорытындыланды. Биыл өңір диқандары 5,2 млн тонна бидай жинады. Гектарынан орташа есеппен 19 центнерден өнім алынды. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, қазір облыстың 6,6 млн тонна астықты сақтайтын мүмкіндігі бар.

«Астық қабылдау кәсіпорындарына 1,4 млн тонна биылғы жылдың  астығы тапсырылды. Оның ішінде 845,4 мың тоннасы бидай. Тапсырылған бидайдың 30,3 пайызы 3-класты, 44,2 пайызы 4-класты. Былтыр осы уақытта 1,2 млн бидай тапсырылса, оның 23,3 пайызы 3-класты болды. Яғни, биыл бидайдың сапасы жақсырақ», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қайрат Омаров.

 «Азық-түлік корпорациясы» АҚ қарашаның 5-сі күні астықтың сатып алу бағасын жариялаған болатын. 3-класты бидайдың бағасы ҚҚС төлеушілер үшін 54 мың теңге деп бекітілді. Дән натурасына байланысты бидайдың бағасы өзгеруі мүмкін. Бұдан басқа, мамандардың айтуынша, майлы дақылдардың да бағасы өскен. Рапстың тоннасы былтыр 127 мың теңге болса, биыл 133 мың теңге, күнбағыс былтыр 110 мың теңгеден саудаланса, биыл 10 мың теңгеге қымбаттады. Зығырдың тоннасы да 15 мың теңгеге қымбаттап, 105 мың теңгені құрады.

Соңғы жаңалықтар