Елімізде бес күнде 22 адам суға кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 15-19 шілде аралығында Қазақстан бойынша 22 адам суға кеткен. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аптап ыстықта ажалын судан тапқан 22 адамның 8-і бала.

Комитеттің мәліметінше, қайғылы оқиғалар Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында тіркелген.

Төтенше жағдай мамандары суға кеткендердің көбі тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда шомылғанын айтады. Оның ішінде мас күйде суға түскендер де бар. Суда жүзе білмеу, өз күшін жете бағаламау, балаларды су қоймаларының жанында қараусыз қалдыру сияқты себептер де қайғылы жайттарға әкеп соқтырған.

«Ата-аналарды балаларын су қоймаларына, арық-тоғандарға қараусыз жібермеуге шақырамыз. Шілде айында суға шомылушылар қатары күрт көбейеді. Әзірге аптап ыстықтың қайтатын түрі жоқ. Синоптиктердің болжамынша, мұндай ыстық шілде айының соңына дейін сақталмақ. Сондықтан, ересектер қауіпсіздік туралы ойланып, су айдындары мен арналардың маңында балаларды қараусыз қалдырмауы керек», - делінген баспасөз ақпаратында.

Төтенше жағдайлар комитеті азаматтарды су айдынында мынадай қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:

- есірткі мен ішімдік тұтынып суға түспеу;

- қайық, катер, үрлемелі матрас сияқты жүзу құралдарынан және айлақтардан суға секірмеу;

- тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгімеу;

- жүзудің шекарасын айқындаған белгіден аспау;

- жүзуге арналмаған заттармен жүзбеу;

- қозғалыстағы қайық-кемелереге жақындамау;

- су қоймаларын ластамау;

- жағада және киім шешетін орындарда демалушыларға жарақат келтіруі мүмкін қоқыстарды қалдырмау;

- әзілдеп көмекке шақырмау;

- техникалық және ескерту белгілеріне шықпау;

- балаларды өз бетімен суға жібермеу;

- су ішінде баланы қараусыз қалдырмау.

Соңғы жаңалықтар