Елімізде басшы кеңесшісінің мансаптық өсуіне шектеулер енгізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда басшы кеңесшілерінің мансаптық өсуіне қатысты шектеулер енгізіліп жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Отырыс барысында депутат Зағипа Балиева елімізде кеңесшілер институтының қызметіне қатысты сауал қойды.

«Мәселен, кеңесшілер тағайындалып жатады, ал олар іріктеудің барлық кезеңдерден (конкурстық іріктеу) өтпейді. Яғни, кеңесшілер басқа салалардан тартылады. Оларға мемлекеттік функциялар жүктеледі, құпия мәліметтерді көруге мүмкіндік алады, сондай-ақ үкіметтік байланыстарға қол жеткізеді. Қазіргі кезде кеңесшілер институтына қатысты жағдай қалай? Олар еңбекақыны қайдан алады, осы орайда кеңесшілер институтына қатысты түсінік берсеңіз?», - деп сұрады З. Балиева.

Өз кезегінде Айгүл Шайымова Агенттік бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқарғанын атап өтті.

«Бүгінгі заң жобасы бірінші басшылардың кеңесшілері үшін тиісті шектеулер қою тұрғысында қызметті жетілдірудің бірқатар нормаларын қарастырады. Олар үшін қазіргі кезде мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігі бар, алайда осы санаттағы адамдардың ары қарай өсуіне шектеулер қарастырылған. Егер де бұрындары шектеу болмаса, енді біз осындай шектеуді енгіздік. Атап айтқанда, кеңесші лауазымына тағайындалғаннан кейін, алдағы уақытта конкурссыз басқа қызметтерге мансаптық өсуіне жол берілмейді», - деді Шайымова.

Осы орайда ол бұл тәртіп «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілер санатына жатқызылған кеңесшілерге қатысты болып отырғанын түсіндірді.

«Ал штаттан тыс кеңесшілердің қызметі Еңбек кодексімен реттеледі және тиісті шектеулер заңнамамен қарастырылған», - деді Агенттік өкілі.

Соңғы жаңалықтар