Елімізде балық шаруашылығын ынталандырудың басты жоспары бекітілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде балық шаруашылығын ынталандырудың басты жоспары бекітілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балық шаруашылығы әлемде де, Қазақстанда да қарқынды дамып келе жатқан әлеуетті бағыттардың бірі. Мамандардың пікірінше, біздің еліміз 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады. Қазірдің өзінде өсірілген балық көлемі бойынша оң динамика байқалуда. Оның өндірісі соңғы үш жылда 1,7 есе артты», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша министрлік балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеген. Бағдарлама өткен аптада Үкіметпен мақұлданған.

«Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін жылына 9 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін, яғни 30 есе арттыру жоспарлануда. 545 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылып, жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатқа ауысады. Оларды іске асыру үшін 10 жыл ішінде 345 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр», - деді ол.

Министр 2020 жылы заңнаманы жетілдіру аясында балық ресурстарын пайдалану үшін жылдық төлемнің орнына тоқсандық төлем енгізілгенін еске салды. Сонымен қатар балық өсіру үшін 49 жыл мерзімге шарт жасасу мүмкіндігін бере отырып, балық шаруашылығына арналған су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге беру қағидалары бекітілген. Одан бөлек балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулерді алып тастау, сондай-ақ бизнесті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босату жөнінде нормалар қабылданған.

«Министрлік заңнаманы жетілдіру, сапалы балық өсіру материалдарымен, жеммен, бұдан басқа, кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізуді жоспарлауда. Өз кезегінде, субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, оның ішінде балық шаруашылығы баптарына жеке нысаналы қаражат бөлу арқылы жұмыстар жүргізіледі. Осылайша, жоспарланған шараларды іске асыру 10 жыл ішінде 2,2 трлн теңгеге 1,1 млн тонна балық өсіруге мүмкіндік береді. Екіншіден, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Үшіншіден, экспорттық түсімді 430 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуға қол жеткізе аламыз. Төртіншіден, форель және бекіре тұқымдас балық өндірісін ұлғайту есебінен импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар